Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Aksa Energy» компаниясының құрылтайшысы Джемиль Шабан Казанджымен кездесті, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Кездесуде Қызылорда қаласындағы жаңа жылу-электр орталығының құрылысы туралы айтылып, аймақ басшысы ортақ жобаның нәтижелі болуына тілектестік білдірді.
«Біздің өңіріміз үшін аса маңызды жобалардың біріне инвестиция салып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесіңіз үшін алғыс білдіремін. Қазіргі уақытта еліміздің оңтүстігінде электр қуатының тапшылығы бар екені жасырын емес. Жаңа жылу-электр орталығы ел экономикасының дамуына, өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандардың іске қосылуына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Бұл жобаның оңтүстік өңірлердегі электр энергиясы жүктемесін тұрақтандыруда және тұтастай алғанда елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуда маңызы зор.
Оны жүзеге асыру барысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының ерекше бақылауында. Президентіміздің қолдауымен аталған жоба «жасыл дәліз» қағидаты шеңберіндегі жобалар тізіміне енгізіліп, салықтық және өзге де жеңілдіктер ұсынылды. Бүгінде нысан құрылысының қарқыны жоғары.
Жыл басынан бері өңірге барлық көздерден 349,3 млрд. теңге инвестиция тартылды. Оның 75 пайызы – жеке инвестициялар. Жыл соңына дейін жарты триллионнан астам инвестиция тарту жоспарымыз бар. Жаңа жылу-электр орталығы – тәуелсіздік жылдарындағы инвестор қаржысына салынатын ең ауқымды, теңдессіз жоба. Әкімдік тарапынан оған барлық қолдау көрсетілетін болады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Өз кезегінде, «Aksa Energy» компаниясының басшысы ауқымды жобаны іске асыруға мүдделі, әрі қарай тиімді әріптестік орнатуға ынталы екенін айтты.