Сыр өңірінде спорт пен тұрғын үй құрылысы қарқын алуда

Azattyq-news
3 Min Read

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақта бой көтеріп жатқан бірқатар нысандардың құрылыс барысымен танысып, жауапты мердігерлерге нақты тапсырмалар жүктеді.

Алдымен аймақ басшысы көптен күткен Қызылорданың жаңа Орталық стадионына барды. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын нысан — халықаралық стандарттарға толықтай сәйкес келеді. 11 мың орындық алып стадион УЕФА талаптарына лайық салынып, заманауи материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған.

Жаңа спорт ордасының жалпы аумағы 20 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда тек жасыл алаң ғана емес, бокс, дзюдо, грек-рим және еркін күрес, фитнес, спорттық гимнастика, таеквондо мен ауыр атлетикаға арналған залдар қарастырылған. Барлық спорт ғимараттары жыл он екі ай тұрғындарға қызмет көрсетпек.

Үш қабатты алып кешеннің бірінші қабатында спорттық залдар орналасса, екінші қабатта әкімшілік бөлмелер бар. Ал үшінші қабат спортшылардың дайындық алаңы әрі ауқымды іс-шаралар өткізетін орын ретінде жабдықталған. Мұндай мүмкіндіктер халықаралық деңгейдегі жарыстарды қабылдауға жол ашады.

Сонымен қатар, облыс орталығында құны 20 млрд 500 млн теңге болатын «Қызылорда Арена» көпсалалы спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл нысанның ерекшелігі — олимпиадалық стандарттарға сай 50 метрлік бассейн, 2500 орындық жарыс залы және түрлі спорт түрлеріне арналған жаттығу алаңдарының қамтылуында. Жоспар бойынша, кешен 2026 жылдың екінші жартысында толық пайдалануға берілмек.

Өңірде спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән берілуде. Соңғы үш жылдың өзінде 20 жаңа спорт кешені ашылды. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылдық жерлерде тағы алты спорт нысаны халық игілігіне беріледі. Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен 2 млрд 900 млн теңгеге мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған сауықтыру кешені салынуда. Қордың қолдауымен Шиелі мен Жалағаш аудандарында жаңа спорттық ғимараттар бой көтеріп, тұрғындарға есігін айқара ашты.

Облыс әкімі ат басын бұрған келесі нысан — сол жағалаудағы 320 және 280 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы. Бұл жобаларды «Ер Ару» және «Мелиоратор» серіктестіктері жүзеге асыруда. Жақын күндері пайдалануға берілетін көпқабатты үйлердің сапасы мен құрылыс талаптарының сақталуы қатаң бақылауда екенін аймақ басшысы атап өтті.

Айта кетейік, соңғы үш жыл ішінде облыста барлық қаржыландыру көздерінен 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген. Ал биылғы жылы бюджет қаражаты есебінен және жеке салушылардан дайын үйлерді сатып алу арқылы шамамен 3 800 пәтер тұрғындарға үлестірілмек. Заманауи дизайнмен бой көтерген 7, 9 және 12 қабатты тұрғын үйлер бүгінде Сыр өңірінің ажарын ашып, қалаға жаңа келбет беріп отыр.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру