Қызылордада жеңіл көлікпен жарысқан жастар жаяу жүргіншілер жолында 64 жастағы әйел адамды соғып өлтірген, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Оқиға 5 тамыз күні шамамен сағат 22-00де Назарбаев даңғылындағы Small сауда орталығына қарама қарсы жаяу жүргіншілер жолағында болған. Жеңіл автокөлікпен жарысқан 21 жастағы ер азамат 64 жастағы әйел адамға соққан. Әйел адам жедел жәрдем келемін дегенше, сол жерде қасында келе жатқан қызының көзінше қаза болған.
Оқиға орнынан полиция қызметкерлері қаққан 21 жастағы баланы алып кеткен. Бірақ, құқық қорғаушылар көп ұзамай оқиғаға кінәлі азаматты босатып жібергені белгілі болған. Бұл туралы «Facebook» әлеуметтік желісінде қаза болған әйелдің Zhanara Baishoraevna есімді туысы жазба жариялады.
– Бұл ауыр қылмыс! Бауырлары, туған туыстары татемнің жаназасымен естерін жинай алмай жүргенде 21 жастағы қылмыскерді үйіне босатып жібергенін қалай түсінуге болады? 17 жасар жалғыз қызы анасыз жетім қалып қалып отыр. Осы оқиға бойынша бірде бір полиция қызметкерлері, тергеушілер мән жайды сұрастыруға мүлдем келмеді! Сонда қалай болғаны адам өмірі түкке тұрмағаны ма? – дейді ол өз жазбасында.
Сондай-ақ, жазба авторы тергеп-тексеру дұрыс жүргізілмегенін, куәгерлерден жауап алынбағанын жазған. Оқиғаға қатысты Қызылорда қалалық полиция басқармасы жауап берген.
– 05.08.2024 жылы сағат 22:30 шамасында Қызылорда қаласында орын алған жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345 бабы 3 бөлігімен қылмыстық қозғалды. Күдікті адам қамаққа алынды, сот оған үйқамақ санкциясын қолданды, сараптамалар тағайындалып тергеу жүргізілуде, – делінген қалалық полиция басқармасы мәлімдемесінде.
Дегенмен, жазба авторы жауапқа қанағаттанбайды. Себебі, куәгерлердің айтуынша жоғары жылдамдықпен келіп соққан көлік әйелді 15 метрге дейін ұшырып жіберген. Бірақ, тергеушілер автокөлік 60 шақырым жылдамдықпен жүрген деп қорытынды шығарған.
– Сонда неше күннен кейін тергеу басталды? Ауыр қылмыс жасаған қылмыскерді не себептен үй қамағына аласыздар? Бізге бірде бір тергеуші келген емес, келіп, сұрастырып, куәгерлерден неге жауап алынбады? Тергеушінің жұмысы кабинетінде күтпей келіп жауап алу емес пе?.. Анарбаев Олжас деген тергеушінің қолында 60 км жылдамдықпен жүрген деген түсініктеме қағазға жазылған. Бірақ 60 км жылмадықпен қалай 15 метрге ұшырып жібереді? Сонда сіздерде жылдамдықты анықтайтын фиксатор болмағаны ма? – дейді Zhanara Baishoraevna.
Проспект Назарбаева напичкан камерами, и я не верю что невозможно определить с какой скоростью ехал преступник, у нас опять хотят замять дело?!