Баланы асырауға арналған қаражатты жеке сот орындаушы қалтасына басып келген, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Алматы облысының прокуратурасы ұсынған мәліметке сүйенсек, борышкер әке бір жарым жыл бойы жалақысынан сот орындаушының шотына 816 мың теңге аударып отырған. Алайда жеке сот орындаушы алиментті баланың анасына бермеген.
Айта кету керек, алимент аударушы уақытылы ақша жіберіп отырғанына қарамастан, сот орындаушысы борышкердің жүргізуші куәлігінің қолданылуын тоқтата тұруға дейінгі барлық шектеу шараларын қабылдады. Салдарынан әкесі жұмысынан және табыс көзінен, ал баласы өзіне тиесілі алименттерден айырылды.
Аталмыш дерекке қатысты полиция Департаменті сот орындаушысына ҚР ҚК 251-бабы (Жеке сот орындаушысының өкілеттіктерін теріс пайдалану) бойынша қылмыстық іс қозғады.
Сондай-ақ, қабылданған шаралармен борышкердің жүргізуші куәлігі қалпына келтірілді және ол бұрынғы жұмысына қайта орналастырылды.