Учаскелік полиция инспекторының бір күні

Azattyq-news
3 Min Read

Қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – полиция қызметінің негізгі міндеттерінің бірі. Бұл жауапкершілікті күнделікті қызметінде абыроймен атқарып жүрген тәртіп сақшыларының қатарында Қызылорда облысы Полиция департаменті Жалағаш ауданы полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Осмаханов Бексұлтан Досымұлы да бар.

1992 жылы Мырзабай ахун ауылында дүниеге келген Бексұлтан Осмаханов – кіндік қаны тамған туған ауылының тыныштығын бүгінде өзі күзетіп жүрген азамат. Осындай жауапты қызметті өз ауылында атқаруы оның тұрғындарды жақсы білуіне, ел-жұртпен етене араласуына және ауылдағы әрбір мәселеге бейжай қарамауына мүмкіндік береді.

Бексұлтан Досымұлы ішкі істер органдарындағы қызметін 2013 жылдың қараша айында бастаған. Ал 2025 жылдан бастап өзі туып-өскен Мырзабай ахун ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы қызметіне кірісіп, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында табанды еңбек етіп келеді.

Мырзабай ахун ауылдық округінде бүгінде 1244 тұрғын бар. Профилактикалық есепте 3 азамат тіркелген. Учаскелік полиция инспекторы олармен тұрақты түрде түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Жүйелі жүргізілген профилактикалық шаралардың нәтижесінде 2025-2026 жылы аталған аумақта қылмыс тіркелмеген.

Туған жерінің әрбір тұрғынын жақсы білетін учаскелік инспектор үшін бұл қызметтің жауапкершілігі де ерекше. Өйткені ол өзі өскен, балалық шағы өткен ауылдың тыныштығын сақтап, елінің амандығына үлес қосып келеді. Таңмен таласа тұрып, халық игілігі жолында қызмет ететін Бексұлтан Осмаханов қызметтік міндеттеріне аса жауапкершілікпен қарап, өзіне бекітілген учаскеде қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу және құқық бұзушылықтарға жол бермеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.

«Учаскелік полиция қызметкерлерінің басты мақсаты – әкімшілік аумақта қылмыстың алдын алу және тұрғындармен тығыз байланыс орнату. Халықты тану, олармен тұрақты сұхбат жүргізу арқылы көптеген құқық бұзушылықтың алдын алуға болады», – дейді учаскелік полиция инспекторы.

Полиция қызметінің ерекшелігі – халықпен етене араласып, тұрғындардың өтініштеріне дер кезінде құлақ асу. Мырзабай ахун ауылындағы полиция пункті күн сайын түнгі сағат 00:00-ге дейін жұмыс істейді. Ал тұрғындардың шақырулары тәулік бойы қабылданады. Әрбір шақырту бойынша полиция қызметкерлері мән-жайды анықтап, жағдайға байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, заң аясында тиісті шаралар қабылдайды.

Туған ауылында туып-өсіп, кейін сол елдің тыныштығын күзету – үлкен жауапкершілік. Бексұлтан Осмаханов үшін учаскелік инспектор қызметі – тек кәсіби міндет қана емес, өзі түлеп ұшқан ауылына деген азаматтық парызының бір көрінісі. Оның күнделікті еңбегі құқықтық тәртіпті нығайтуға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және ауыл тұрғындарының полицияға деген сенімін арттыруға бағытталған.

Туған жерінің тыныштығын күзетіп жүрген тәртіп сақшысының еңбегі – елге қызмет етудің, азаматтық жауапкершілік пен адалдықтың жарқын үлгісі.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру