Сырдария ауданында жазғы демалыс кезеңінде оқушылар мен студенттердің еңбек құқықтарын қорғау мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – жас азаматтардың еңбек саласындағы құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың заң талаптарына сәйкес жұмысқа орналасуына ықпал ету және еңбек құқықтарының бұзылуының алдын алу.
Түсіндіру жұмыстары барысында кәмелетке толмағандардың еңбекке орналасу тәртібі, еңбек шартын жасасудың заңнамалық талаптары, жұмыс уақытының ұзақтығы, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, еңбек заңнамасында көзделген кәмелетке толмаған қызметкерлердің құқықтары мен міндеттері туралы кеңінен ақпарат берілді.
Мамандар еңбек қызметін бастамас бұрын еңбек шартын міндетті түрде рәсімдеудің маңыздылығына тоқталып, құжатта көрсетілетін негізгі талаптармен таныстырды. Атап айтқанда, еңбек шартында атқарылатын жұмыс түрі, еңбек ақы мөлшері, жұмыс уақыты мен демалыс кезеңдері, сондай-ақ тараптардың құқықтары мен міндеттері нақты көрсетілуі тиіс екені айтылды.
Кездесу барысында кәмелетке толмағандардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне зиян келтіруі мүмкін ауыр және қауіпті жұмыстарға тартылуына заңмен шектеулер қойылғаны түсіндірілді. Сондай-ақ олардың жас ерекшеліктеріне сәйкес белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығы мен еңбек жағдайларына қойылатын талаптар туралы мәліметтер берілді.
Іс-шара аясында заңсыз еңбекке тарту, еңбек шартынсыз жұмысқа қабылдау, еңбек құқықтарының бұзылуы және өзге де құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға өз құқықтары бұзылған жағдайда қайда және қандай тәртіппен жүгінуге болатыны жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Сырдария ауданында өткізілген мұндай ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жастардың еңбек саласындағы құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, олардың қауіпсіз әрі заңды негізде еңбек етуіне бағытталған. Жас ұрпақтың өз құқықтары мен міндеттерін білуі – олардың болашақта еңбек қатынастарына саналы түрде араласуының және еңбек құқықтарының сақталуының маңызды кепілі.
Еңбек құқықтарын сақтау – қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан жас азаматтарды еңбекке тарту барысында заң талаптарын сақтау және олардың құқықтарын қорғау мәселелері әрдайым басты назарда болады.
Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру
Пікір қалдыру
