«Таза Қазақстан»: Нағи Ілиясов ауылында экологиялық тәртіпті нығайту жұмыстары қарқын алды

Azattyq-news
2 Min Read


«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Нағи Ілиясов ауылдық округінде тазалық пен қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Ауыл әкімдігі мен учаскелік полиция инспекторлары қоршаған ортаны қорғау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және абаттандыру талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында бірлескен рейдтік іс-шараларды күшейтті.
Бүгінде экологиялық тазалық мәселесі тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндетіне айналып отыр. Осыған байланысты ауыл аумағында жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар тұрғындардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Рейдтік іс-шаралар барысында қоқысты рұқсат етілмеген орындарға тастау, қоғамдық орындарды ластау және елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзу фактілері анықталған жағдайда, құқық бұзушыларға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік шаралар қолданылады.
Нағи Ілиясов ауылдық округі әкімі аппараты мен учаскелік полиция инспекторлары ауыл көшелері мен қоғамдық орындарда тұрақты тексеру жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, тұрғындар және кәсіпкерлік субъектілерімен түсіндіру кездесулерін ұйымдастыруда. Мұндай кездесулердің басты мақсаты – азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыру, тазалықты сақтаудың маңыздылығын түсіндіру және қоршаған ортаға жанашырлық көзқарасты қалыптастыру.
Айта кетейік, елімізде абаттандыру саласындағы бақылауды күшейту мақсатында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Заңнамаға сәйкес, жергілікті атқарушы органдарға қоғамдық орындарды ластау және абаттандыру қағидаларын бұзу бойынша әкімшілік хаттамалар жасау құқығы берілген. Бұл өзгерістер елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
Жаңа заңнамалық тетіктер «Таза Қазақстан» бағдарламасының негізгі мақсаттарымен үндесіп, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Нағи Ілиясов ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторлары ауыл тұрғындарын тазалықты сақтауға, қоғамдық орындарға ұқыпты қарауға және абаттандыру талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Өйткені таза әрі көрікті ауыл – әрбір тұрғынның ортақ еңбегі мен жауапкершілігінің нәтижесі.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру