Сырдария ауданында «Жол қауіпсіздігі, жылдамдық асырмау, жол ережесін бұзбау» тақырыбында ақпараттық акция өтті

Azattyq-news
2 Min Read

Сырдария ауданында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілердің құқықтық мәдениетін қалыптастыру және жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңызын насихаттау мақсатында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Жол қауіпсіздігі, жылдамдық асырмау, жол ережесін бұзбау» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру акциясы ұйымдастырылды.
Аталған шара «Сырдария жастары» еріктілер штабының ұйымдастыруымен өткізіліп, аудан тұрғындары мен көлік жүргізушілеріне жол қауіпсіздігін сақтау жөнінде кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Акция барысында еріктілер жүргізушілермен тілдесіп, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау, белгіленген жылдамдық режимінен аспау, қауіпсіздік белдігін тағу, көлік құралын мас күйінде басқармау және көлік тізгінінде ұялы телефонды пайдаланбау қажеттігін түсіндірді.
Сонымен қатар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған арнайы дайындалған үнпарақтар таратылып, әрбір жүргізушіге жолдағы жауапкершіліктің маңыздылығы жеткізілді. Еріктілер жол ережесін сақтау тек заң талаптарын орындау ғана емес, адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі екенін атап өтті.
Шара барысында жүргізушілер де мұндай профилактикалық іс-шаралардың маңыздылығына тоқталып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қоғамдық ұйымдар мен жастардың белсенділігін жоғары бағалады. Олар жолдағы тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау – әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін жеткізіп, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткізілген бұл акция қоғамда заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды.
Адам өмірі – ең басты құндылық. Сондықтан әрбір жүргізуші жолға шыққан сәттен бастап өз өмірімен қатар, өзге жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне де жауапты екенін әрдайым есте ұстауы қажет. Жол қозғалысы ережелерін сақтау – қауіпсіз қоғам қалыптастырудың негізгі кепілі.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру