Қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби даярлығымен қатар, олардың рухани-адамгершілік құндылықтарға берік болуы да ерекше маңызға ие. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатында Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының жеке құрамымен рухани-танымдық кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – қызметкерлердің діни сауаттылығын арттыру, ұлттық және рухани құндылықтарды насихаттау, дәстүрлі діннің қоғамдағы рөлі мен маңызын түсіндіру, сондай-ақ діни экстремизм мен терроризм идеологиясының алдын алу бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту болды.
Кездесуге республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиев арнайы қатысып, қазіргі қоғамдағы рухани тәрбие мәселелері жөнінде мазмұнды баяндама жасады.
Өз сөзінде спикер ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі исламның өзара сабақтастығына тоқталып, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері мен рухани мұрасының қоғам бірлігін нығайтудағы ерекше рөлін атап өтті. Сондай-ақ дәстүрлі діннің бейбітшілікке, адамгершілікке, өзара сыйластық пен жауапкершілікке үндейтінін айтып, жастар мен қоғам мүшелерінің діни мәселелерде тек ресми және сенімді ақпарат көздеріне сүйенуінің маңыздылығына назар аударды.
Кездесу барысында діни экстремизм мен терроризм идеологиясының қауіптілігі жан-жақты түсіндірілді. Әсіресе деструктивті діни ағымдардың қоғамның тұтастығына, ұлттық қауіпсіздікке және отбасы институтына тигізетін кері әсері нақты мысалдар арқылы баяндалды. Қатысушыларға радикалды идеологияны ұстанатын топтардың адамдарды өз қатарына тартуда қолданатын түрлі әдіс-тәсілдері түсіндіріліп, олардың белгілерін ерте кезеңде ажырата білудің маңыздылығы айтылды.
Сонымен қатар қазіргі цифрлық дәуірдегі басты қауіптердің бірі – әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде таралатын жалған және күмәнді діни ақпараттар екендігі ерекше атап өтілді. Спикер интернеттен алынған кез келген діни мәліметті сын тұрғысынан саралап, оның шынайылығын тексерудің қажеттігін айтып, діни мәселелер бойынша тек ресми діни ұйымдар мен білікті мамандардың пікіріне жүгінуге шақырды.
Іс-шара барысында арнайы жасақ қызметкерлері көтерілген тақырыптарға белсенді қызығушылық танытып, өздерін толғандырған сауалдарын қойды. Қатысушылардың сұрақтарына Мақсатбек Қайырғалиев жан-жақты әрі мазмұнды жауап беріп, дін мен дәстүрдің үйлесімі, жастар тәрбиесі, діни сауаттылықты қалыптастыру және қоғамдағы тұрақтылықты сақтау мәселелері бойынша пайдалы пікірлерімен бөлісті.
Мұндай рухани-танымдық кездесулер құқық қорғау органдары қызметкерлерінің дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, олардың діни сауаттылығын арттыруға, азаматтық жауапкершілігін нығайтуға және қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтауға бағытталған маңызды ақпараттық-насихат жұмыстарының бір бөлігі болып табылады.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мамандардың рухани тұрғыдан кемел, ұлттық құндылықтарға адал әрі діни мәселелерде сауатты болуы – ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтудың маңызды кепілі. Осындай тағылымды кездесулер алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға, деструктивті идеологиялардың алдын алуға және азаматтардың рухани иммунитетін қалыптастыруға өз үлесін қоса беретіні сөзсіз.
Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру
Пікір қалдыру
