Соңғы жылдары елімізде электрсамокаттар қала ішінде қатынаудың ең ыңғайлы әрі экологиялық таза көлік түрлерінің біріне айналды. Дегенмен, олардың көбеюі жол-көлік оқиғаларының, жаяу жүргіншілерге қауіп төндіретін жағдайлардың және жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерінің артуына себеп болып отыр. Осыған байланысты жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында 2026 жылғы 1 шілдеден бастап кикшеринг қызметіне (жалға берілетін электрсамокаттарға) қатысты жаңа талаптар күшіне енді.
Жалға берілетін электрсамокаттарға қойылатын талаптар
Жаңа талаптарға сәйкес, кикшеринг компаниялары пайдалануға ұсынатын барлық электрсамокаттар тіркеу нөмірімен жабдықталуы және міндетті сақтандырумен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл талап жол-көлік оқиғалары орын алған жағдайда құқық қорғау органдарының жұмысын жеңілдетіп, азаматтардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.
Қозғалыс тәртібі өзгерді
Электрсамокат жүргізушілері ең алдымен веложолақпен жүруге міндетті. Егер велосипед жолағы болмаса, онда жолдың оң жақ шетімен қозғалуына рұқсат етіледі.
Ал тротуарда қозғалған кезде жүргізушілердің жылдамдығы сағатына 6 шақырымнан аспауы қажет. Бұл талап жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізілген.
Тротуарда жүруге тыйым салынады
2026 жылғы 25 тамыздан бастап электрсамокаттардың тротуарлармен және жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне толықтай тыйым салынады. Осы күннен бастап самокат жүргізушілері тек рұқсат етілген жолақтармен немесе жолдың белгіленген бөліктерімен қозғалуы тиіс.
Жолдың жүру бөлігінде кімдер жүре алады?
Жолдың оң жақ шетімен немесе жүру бөлігінде тек мына талаптарға сай азаматтарға ғана жүруге рұқсат беріледі:
18 жасқа толған болуы;
жүргізуші куәлігі болуы;
қорғаныш шлемін міндетті түрде киюі.
Бұл талаптар жүргізушінің де, өзге жол қозғалысына қатысушылардың да қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Нені істеуге болмайды?
Электрсамокат жүргізушілеріне:
жолаушы тасымалдауға;
жаяу жүргіншілер өткелінен самокатпен түсіп өтпей, мініп өтуге;
қараңғы уақытта жарық шағылыстырғыш элементтерсіз немесе жарық құралдарынсыз жүруге қатаң тыйым салынады.
Аталған талаптарды бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
Қауіпсіздік – әр азаматтың жауапкершілігі
Электрсамокат – заманауи әрі қолайлы көлік құралы болғанымен, оны пайдалану кезінде жол қозғалысы қағидаларын сақтау әрбір азаматтың міндеті. Ережелерді сақтау арқылы сіз өз өміріңізді ғана емес, жаяу жүргіншілер мен басқа да жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етесіз.
Қызылорда қаласы Полиция басқармасы барлық тұрғындарды жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға шақырады. Қауіпсіздік – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз!
Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру
Пікір қалдыру
