Қызылорда облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құқықтық тәртіпті нығайту бағытындағы профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Соның аясында полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киім үлгілеріне қатысты қолданыстағы заң талаптарын тұрғындарға кеңінен түсіндіруде.
Бұл бағыттағы жұмыстардың негізгі мақсаты – азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тарту емес, заң талаптарын түсіндіру арқылы құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Осыған байланысты Қызылорда облысының барлық аудан-қалаларында профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-3-бабына сәйкес қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салынған. Аталған талап балаклаваға, медициналық мақсаттан тыс қолданылатын бетперделерге, никабқа және адамның бет-жүзін толық немесе едәуір бөлігін жабатын өзге де киім үлгілеріне қатысты қолданылады. Заң нормасы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, азаматтарды сәйкестендіру мүмкіндігін сақтауға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде аталған бап бойынша 284 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі тіркелген. Бұл көрсеткіш полиция қызметкерлерінің қоғамдық орындарда жүргізіп жатқан бақылау және түсіндіру жұмыстарының жүйелі түрде жүзеге асырылып отырғанын көрсетеді.
Профилактикалық іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері тұрғындармен жеке кездесулер өткізіп, заң талаптарын егжей-тегжейлі түсіндіруде. Сонымен қатар азаматтарға ақпараттық жадынамалар таратылып, олардың көкейіндегі сауалдарға жауап берілуде. Түсіндіру жұмыстары барысында құқық қорғау органдары заң талаптарының мазмұнын ғана емес, оның қабылдану себептері мен қоғамдық қауіпсіздік үшін маңызын да кеңінен жеткізуде.
Әсіресе адам көп жиналатын сауда және ойын-сауық орталықтарында, базарларда, теміржол және автовокзалдарда, білім беру ұйымдарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, саябақтар мен өзге де қоғамдық орындарда профилактикалық жұмыстарға басымдық берілуде. Мұндай кездесулер барысында тұрғындарға заң талаптарын сақтау әрбір азаматтың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі маңызды міндеттердің бірі екені түсіндіріледі.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, қолданыстағы заң ең алдымен алдын алу қағидатына негізделген. Сондықтан құқық бұзушылық алғаш рет анықталған жағдайда азаматтарға ескерту жасалып, заң талаптары түсіндіріледі. Ал талап қайта бұзылған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл қарастырылған.
Мамандар қоғамдық қауіпсіздік тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барша қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін айтады. Заң талаптарын сақтау – қоғамдық тәртіпті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруіне ықпал ететін маңызды факторлардың бірі.
Қызылорда облысы Полиция департаменті тұрғындар мен өңір қонақтарын қолданыстағы заң талаптарын құрметтеуге, қоғамдық орындарда белгіленген тәртіпті сақтауға және қауіпсіз қоғам қалыптастыру ісіне белсенді атсалысуға шақырады.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, алдағы уақытта да облыс аумағында ақпараттық-түсіндіру және профилактикалық іс-шаралар жалғасын тауып, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған жұмыстар тұрақты түрде жүргізілетін болады.
