Демалыс күндері қоғамдық қауіпсіздік күшейтіледі: Қызылорда полициясы күшейтілген қызмет атқарады

Azattyq-news
2 Min Read


Қызылорда қаласында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында жұма, сенбі және жексенбі күндері күшейтілген бақылау шаралары қолға алынды. Осыған байланысты Қызылорда қаласы Полиция басқармасының саптық алаңында гарнизондық саптық жиын ұйымдастырылып, жеке құрамның қызметке дайындығы тексерілді.

Жиынды Қызылорда қаласы Полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Нұрмахан Сансызбайұлы Пазылов өткізді. Саптық жиын барысында жеке құрамның сыртқы келбеті, қызметтік тәртібі мен материалдық-техникалық жарақтандырылуы пысықталып, құқық қорғау органдары қызметкерлеріне алдағы демалыс күндері атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттары айқындалды.

Басшылық тарапынан қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету, жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту, сондай-ақ құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу бойынша нақты міндеттер жүктелді. Әсіресе халық көп шоғырланатын орындарда, саябақтарда, ойын-сауық және сауда орындарының маңында, сондай-ақ автокөлік қозғалысы қарқынды учаскелерде полиция нарядтарының қызметі күшейтілетіні атап өтілді.

Сонымен қатар қызметкерлерге қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында қырағылық танытып, әрбір құқық бұзушылыққа заң аясында жедел әрекет ету, азаматтармен сыпайы қарым-қатынас орнату және қызметтік тәртіпті қатаң сақтау жөнінде тапсырмалар берілді. Демалыс күндері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жол-патрульдік полиция жасақтарының жұмысы да күшейтіліп, жол қозғалысы ережелерінің сақталуына бақылау артады.

Құқық қорғау органдарының басты мақсаты – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол бермеу және азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау. Осы бағытта полиция қызметкерлері тәулік бойы күшейтілген режимде қызмет атқарып, қала аумағындағы жедел жағдайды тұрақты бақылауда ұстайды.

Қызылорда қаласы Полиция басқармасы тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, заң талаптарын құрметтеуге, жол қозғалысы ережелерін қатаң ұстануға шақырады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – құқық қорғау органдары мен тұрғындардың бірлескен жауапкершілігі екені тағы бір мәрте еске салынады.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру