Сырдария ауданында «Түнгі қаладағы балалар» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында рейдтік жұмыстар жүргізілді

Azattyq-news
2 Min Read


Сырдария ауданы көлемінде 2026 жылғы 1–3 шілде аралығында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» жедел профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды.
Аталған іс-шара аясында ауданның бірқатар елді мекендерінде, әсіресе Тереңөзек кентінің халық көп шоғырланатын аумақтарында түнгі рейдтік жұмыстар жүргізілді. Рейд барысында ойын-сауық орындары, кафелер, компьютерлік клубтар, дүкендер мен өзге де қоғамдық орындар тексеріліп, кәсіпкерлік нысандарының иелеріне қолданыстағы заң талаптары түсіндірілді. Сонымен қатар, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында профилактикалық әңгімелер өткізіліп, заң талаптарын сақтау бойынша ескертулер берілді.
Іс-шара барысында кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық мекемелерінде болуына жол бермеу мәселесіне ерекше назар аударылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кәмелетке толмағандардың сағат 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін заңды өкілдерінсіз ойын-сауық орындарында болуы олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне үш айлық есептік көрсеткіш (3 АЕК) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуға негіз болатыны жөнінде тұрғындарға жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ рейд барысында ата-аналармен, жастармен және кәсіпкерлермен профилактикалық кездесулер ұйымдастырылып, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастырудың, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және құқықтық мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы кеңінен түсіндірілді. Құқық қорғау органдары өкілдері қоғамдық орындарда заң талаптарының сақталуы әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.
Мұндай профилактикалық шаралардың басты мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу, сондай-ақ балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлардың орын алуына жол бермеу. Түнгі рейдтік жұмыстар жасөспірімдердің қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға және қоғамда құқықтық тәртіпті нығайтуға ықпал етеді.
Мамандардың айтуынша, бала тәрбиесі – ең алдымен отбасының міндеті. Сондықтан әрбір ата-ана баласының қайда жүргеніне, кіммен араласатынына және бос уақытын қалай өткізетініне бейжай қарамауы тиіс. Балалардың қауіпсіздігі мен жарқын болашағы – отбасы, білім беру ұйымдары, құқық қорғау органдары және бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Сырдария ауданында өткізілген бұл жедел профилактикалық іс-шара алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасып, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетін болады.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру