Ағымдағы жылдың 18 мамыры мен 8 маусымы аралығында республика көлемінде өткізіліп жатқан «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» акциясы аясында тұрғындар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында кешенді іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Осыған орай, Сырдария ауданы полиция бөлімінің Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесіне қарасты Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты А. Рсымова Сырдария ауданына қарасты Н. Ілиясов ауылындағы спорт кешенінде жастармен кездесу өткізіп, профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында жастарға отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қоғамға тигізетін кері әсері, оның алдын алу жолдары, заңнамада көзделген жауапкершілік шаралары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар, соңғы уақытта өзекті мәселелердің біріне айналған буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, жасөспірімдер арасында өзара сыйластық пен толеранттылықты қалыптастыру мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Іс-шара барысында сталкингтің (адамды қудалау, мазалау, бақылау әрекеттері) қауіптілігі мен оның құқықтық салдары туралы айтылып, мұндай жағдайларға тап болған кезде қайда және қалай жүгіну қажеттігі түсіндірілді. Сондай-ақ, интернет желісі мен әлеуметтік платформалар арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстардың түрлері, олардың құрбаны болмау жолдары, жеке деректерді қорғау және қаржылық қауіпсіздік ережелері жөнінде пайдалы кеңестер берілді.
Кездесу соңында жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Полиция қызметкері азаматтарды құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауға, өз құқықтарын білуге және қандай да бір заңсыз әрекеттерге тап болған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырды.
Мұндай профилактикалық шаралардың негізгі мақсаты – қоғамда зорлық-зомбылықтың кез келген түріне төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіз орта құру болып табылады.
Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру
Пікір қалдыру
