БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ – ҚОҒАМ НАЗАРЫНДАҒЫ БАСТЫ МӘСЕЛЕ

Azattyq-news
3 Min Read

Қызылорда қаласындағы білім беру ұйымдарының бірінде жоғары сынып оқушыларымен «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында ауқымды профилактикалық кездесу ұйымдастырылды. Танымдық әрі тәрбиелік мәні зор шараға 9–11 сынып оқушылары қатысып, жасөспірімдердің қауіпсіздігі, құқықтық сауаттылығы және қоғамдағы жауапкершілігі төңірегінде маңызды ақпараттар берілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және жазғы демалыс кезінде орын алуы мүмкін қауіптердің алдын алу. Сонымен қатар, оқушыларға заң талаптарын сақтау, қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікке бейжай қарамау қажеттігі кеңінен түсіндірілді.
Кездесуге Қызылорда облысы Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Мұрат Мырзабекұлы Альсеитов, Қызылорда қалалық полиция басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы ювеналды полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторлары — полиция лейтенанты Әли Жеңісбекұлы Кішкенбай және полиция аға лейтенанты қатысып, оқушылармен еркін форматта пікір алмасты.
Жиын барысында тәртіп сақшылары жасөспірімдерге алдағы «Соңғы қоңырау» мерекесі кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау, қауіпсіздік талаптарын қатаң ұстану және түрлі құқық бұзушылықтарға жол бермеу жөнінде ескертті. Әсіресе, көпшілік орындарда тәртіп сақтау, белгіленбеген жерлерде суға түспеу, жол қозғалысы ережелерін сақтау мәселелері кеңінен қозғалды.
Сондай-ақ жазғы демалыс уақытында балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс екені айтылды. Полицейлер судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамаудың қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін екенін ескертіп, оқушыларды сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырды. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, түнгі уақытта ата-ананың қарауынсыз жүрмеу және қоғамдық орындардағы тәртіп мәдениеті де назардан тыс қалған жоқ.
Кездесу барысында нашақорлықтың алдын алу тақырыбы да кеңінен талқыланды. Мамандар жастар арасында зиянды әдеттердің таралуына тосқауыл қою үшін салауатты өмір салтын ұстанудың маңызын түсіндіріп, «Білімім – Отаныма!» адалдық сағаттарының тәрбиелік мәніне тоқталды. Жастардың білімге ұмтылып, ел болашағына жауапкершілікпен қарауы – қоғамның тұрақты дамуының кепілі екені айтылды.
Сонымен қатар, психологиялық саулықты сақтау және суицидтің алдын алу мәселелері де қозғалды. Мамандар жасөспірімдерге кез келген қиын жағдайда жалғыз қалмау, ата-анамен, мұғалімдермен және психологтармен ашық сөйлесудің маңызын түсіндірді. Психологиялық тұрақтылық пен эмоционалдық қолдаудың әр бала үшін аса маңызды екені ерекше атап өтілді.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ләззат Картаева оқушыларға жазғы демалыс кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтап, өз өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарау қажеттігін жеткізді. Ал полиция қызметкерлері құқықтық тәртіпті сақтау – әр азаматтың міндеті екенін айтып, жастарды заңға құрметпен қарауға шақырды.
Мұндай профилактикалық кездесулер жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, олардың қауіпсіз әрі саналы ортада тәрбиеленуіне ықпал етеді. Балалардың қауіпсіздігі мен жарқын болашағын қамтамасыз ету – тек құқық қорғау органдарының емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру