2026 жылдың 18 мамыры мен 8 маусымы аралығында республика көлемінде “Зорлық-зомбылықсыз Қызылорда” атты кең ауқымды профилактикалық акция өткізілуде. Аталған шараның басты мақсаты – отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа мүлде төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру.
Акция аясында Қызылорда қаласы Полиция басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің қызметкерлері жүйелі түрде профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, профилактикалық есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайлары тексеріліп, олармен жеке түсіндіру кездесулері ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, қорғау нұсқамасының талаптарын қатаң сақтау, құқық бұзушылыққа жол бермеу, отбасы институтын нығайту және отбасы құндылықтарын дәріптеу бағытында жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Полиция қызметкерлері тұрмыстық жанжалдардың соңы ауыр қылмыстарға ұласуы мүмкін екенін ескертіп, азаматтарды кез келген құқыққа қайшы әрекетке бейжай қарамауға шақырады. Қоғамдағы тыныштық пен қауіпсіздік әрбір тұрғынның жауапкершілігі екенін атап өткен тәртіп сақшылары, зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алу – ортақ міндет екенін жеткізді.
Егер сіз отбасылық зорлық-зомбылықтың куәсі болсаңыз немесе осындай жағдайдан зардап шексеңіз, дереу полиция органдарына хабарласу қажет. Уақытылы көрсетілген көмек адам өмірін сақтап, құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
Заң мен тәртіп – тұрақты қоғам мен қауіпсіз өмірдің басты кепілі.
Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру
Пікір қалдыру
