Қызылорда қаласында мектеп бітіру кештері мен соңғы қоңырау шаралары қарсаңында заңсыз автокөлік кортеждерінің алдын алу мақсатында бақылау күшейтілмек. Бұл туралы Қызылорда қаласы Полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны хабарлады.
Полиция өкілдерінің мәліметінше, жыл сайын мектеп түлектері арасында автокөлікпен шеру ұйымдастыру факілері жиілеп, жол қозғалысы қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіруде. Мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіптің бұзылуына, көлік кептелісіне және жол-көлік оқиғаларының орын алуына себеп болуы мүмкін.
Осыған байланысты қала аумағында арнайы рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, заңсыз автокортеждерге қатаң бақылау жүргізіледі. Әсіресе жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу, рұқсатсыз автокөлік шерулерін өткізу және көлік қозғалысына кедергі келтіру деректеріне ерекше назар аударылады.
Құқық қорғау органдары тұрғындарға және мектеп бітіруші жастарға заң талаптарын сақтауды ескертті. Атап айтқанда, көлік терезесінен дене шығару, арнайы дыбыс немесе жарық белгілерін заңсыз орнату, әдепсіз әрекеттер жасау және қоғамдық тәртіпті бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.
Полиция басқармасы ата-аналар мен ұстаздарды балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, мерекелік шараларды мәдениетті әрі қауіпсіз форматта өткізуге шақырды.
Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру
Пікір қалдыру
