Сырдария ауданы: Отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған кездесу өтті

Azattyq-news
2 Min Read

сәуір күні Сырдария ауданы полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты А. Рсымова және Отбасын қолдау орталығы психологы А. Маханбетова мен маманы Т. Нұрсұлтанұлы Шіркейлі ауылы тұрғындарымен кездесу өткізіп, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында кең көлемді түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды насихаттау, тұрмыстық жанжалдардың алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамда зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру болды. Кездесу барысында мамандар тұрғындарға отбасындағы кикілжіңдердің туындау себептері, оның салдары, психологиялық қысым көрсету, экономикалық және физикалық зорлық-зомбылық түрлері туралы жан-жақты мәлімет берді.

Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек түрлері түсіндірілді. Зардап шеккен жандарға арналған дағдарыс орталықтары, сенім телефондары, уақытша паналау орындары мен арнайы мамандар көмегіне жүгіну жолдары таныстырылды.
Полиция аға лейтенанты А. Рсымова тұрғындарға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар үшін қарастырылған жауапкершілік шараларын атап өтіп, құқық бұзушылықтың алдын алу әрбір азаматтың ортақ міндеті екенін жеткізді. Ал орталық психологы А. Маханбетова отбасындағы өзара сыйластық, сабырлылық пен ашық диалогтың маңыздылығына тоқталып, дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешу тәсілдері жөнінде кеңес берді.
Кездесу соңында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандар тарапынан нақты жауаптар алды. Мұндай профилактикалық шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасып, халық арасында түсіндіру жұмыстары күшейтілетіні атап өтілді.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру