Қала көлемінде 2026 жылдың 22–24 сәуірі аралығында «Қоғамдық көлік» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылуда. Аталған шараның негізгі мақсаты – қоғамдық көлік саласындағы тәртіп пен қауіпсіздікті күшейту, жолаушылар тасымалы қызметінің заң талаптарына сай жүзеге асырылуын қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу.
Іс-шара барысында жолаушылар тасымалымен айналысатын автобус, шағын автобус, такси және өзге де көлік құралдарының техникалық жай-күйі, жүргізушілердің құжаттарының толықтығы, еңбек және демалыс режимінің сақталуы, сондай-ақ көлік құралдарының қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Сонымен қатар, қоғамдық көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтауына ерекше назар аударылады.
Бұдан бөлек, желіде қызметін тіркеусіз жүзеге асырып жүрген азаматтарды анықтау және олардың заңсыз тасымалдау қызметіне тосқауыл қою бағытында бақылау жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, ауданаралық, қалааралық, облысаралық және халықаралық бағыттар бойынша рұқсатсыз жолаушы тасымалдаумен айналысатын тұлғаларға қатысты заң аясында тиісті шаралар қабылданады.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар тұрғындардың қауіпсіз әрі сапалы көлік қызметін пайдалануына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тасымалдаушылар арасындағы жауапкершілікті арттырып, қоғамдық көлік саласындағы тәртіпті нығайтуға септігін тигізеді.
Осыған байланысты қала тұрғындары мен жүргізушілерден жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңды талаптарына түсіністікпен қарау сұралады. Қауіпсіздік – баршамызға ортақ міндет.
Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру
Пікір қалдыру
