Бүгін Тереңөзек кентінде әлеуметтік маңызы зор кезекті іс-шара ұйымдастырылып, пробация қызметінің есебінде тұрған жастармен кешенді бағыттағы жұмыстар жүргізілді. Аталған шараға кент әкімі аппаратының маманы, аудандық пробация қызметінің қызметкерлері, Сырдария аудандық Жастар ресурстық орталығының мамандары және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілдері қатысып, жастардың тұрғылықты мекенжайларын аралады.
Іс-шараның негізгі мақсаты – пробация есебінде тұрған азаматтарға құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсету, олардың өмірлік жағдайларымен танысу, қоғамға бейімделуіне жәрдемдесу және құқық бұзушылықтың алдын алу болып табылады.
Кездесу барысында сала мамандары әрбір жаспен жеке сұхбат жүргізіп, олардың қазіргі тұрмыс-тіршілігіне, отбасы жағдайына, жұмыссыздық мәселесіне, денсаулық жағдайына және әлеуметтік қажеттіліктеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар, жастардың алдағы жоспарлары мен мақсаттары тыңдалып, туындаған мәселелер бойынша тиісті түсіндірулер мен кеңестер берілді.
Профилактикалық бағыттағы түсіндіру жұмыстары аясында заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпке бағыну, қайта құқық бұзушылыққа жол бермеу, жауапкершілікті сезіну және салауатты өмір салтын ұстану жөнінде жан-жақты ақпараттар ұсынылды.
Сондай-ақ, жастарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесіне басымдық беріліп, бос жұмыс орындары, қысқа мерзімді оқу курстары, кәсіптік даярлау бағдарламалары, мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген несие жобалары туралы мәліметтер түсіндірілді. Өз кәсібін бастауға ниетті азаматтарға кәсіпкерлікті қолдау тетіктері таныстырылды.
Мұндай адресті жұмыстардың басты мақсаты – жастарға қолдау көрсету, олардың өмірге деген сенімін арттыру, оң көзқарас қалыптастыру және қоғамға толыққанды бейімделуіне ықпал ету. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, әр азаматтың өмірден өз орнын табуына мүмкіндік жасауға бағытталатын болады.
Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру
Пікір қалдыру
