Қызылорда облысы тұрғындары болған бұрынғы ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлуге байланысты дауы сотта қаралды. Іс материалдарына сәйкес, тараптар 10 жыл бірге өмір сүріп, кейін некелерін бұзған. Отбасында кәмелетке толмаған төрт бала бар.
Сот анықтағандай, неке кезеңінде отбасының ортақ табысы есебінен екі автокөлік — Toyota Camry және Toyota Highlander сатып алынған. Сондықтан аталған көліктер ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншігі болып танылған.
Алайда неке бұзылғаннан кейін бұрынғы күйеуі балалар анасының келісімінсіз аталған көліктерді өз ата-анасының атына сатып алу-сату шарттары арқылы рәсімдеп, көліктерді тіркеу есебінен шығарған.
Осыған байланысты әйел сотқа талап арыз беріп, жасалған сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тануды, ортақ мүлікті бөлуді және өзіне тиесілі үлесті өндіріп беруді сұраған.
Істі қарау барысында сот тараптар ұсынған дәлелдемелерді жан-жақты зерттеп, даулы мәмілелер талап қоюшының ортақ мүліктегі үлескер ретіндегі құқықтарын бұза отырып жасалған деген қорытындыға келді.
Сонымен қатар сот процесі кезінде тағайындалған сараптама нәтижесінде екі автокөліктің жалпы нарықтық құны 14 миллион теңгеден асатыны анықталған.
Сот шешім шығару кезінде Қазақстан Республикасының “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” кодексінің нормаларын басшылыққа алды. Аталған заңнамаға сәйкес, ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезеңде жиналған ортақ мүліктегі үлестері тең болып есептеледі.
Осыны негізге ала отырып, сот автокөліктерге қатысты сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп танып, талап қоюшының пайдасына 7 миллион теңгеден астам өтемақы өндіру туралы шешім шығарды. Бұл сома көліктердің нарықтық құнының жартысына тең.
Кейін іс апелляциялық тәртіппен қаралып, Қызылорда облыстық соты бірінші сатыдағы сот шешімін заңды әрі негізді деп таныды. Нәтижесінде апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылып, бастапқы шешім өзгеріссіз күшінде қалдырылды.
Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру
Пікір қалдыру
