Қызылорда облысында сот қызметін ұйымдастыру барысы талқыланды.

Azattyq-news
2 Min Read

Бүгін Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінде 2026 жылдың І тоқсанында атқарылған жұмыстарды қорытындылауға арналған кеңейтілген жиын өтті. Басқосуда департаменттің құрылымдық бөлімдері мен аудандық және оған теңестірілген соттар әкімшілерінің есептері тыңдалып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалды.
Жиынға департамент басшысы М.Асанова, департамент басшысының орынбасары Е.Бөрібаев, бөлім басшылары, сондай-ақ аудандық және оған теңестірілген соттардың әкімшісі басшылары қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселелерді ашып берген департамент басшысы М.Асанова сот жүйесінің тұрақты әрі тиімді жұмысын қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Сонымен қатар, ұйымдастырушылық жұмыстарды жетілдіру, сот қызметінің сапасын арттыру және ішкі тәртіпті сақтау мәселелерінің маңыздылығын атап өтті.
Жиында департамент басшысының орынбасары Е.Бөрібаев негізгі баяндама жасап, І тоқсанда атқарылған жұмыстарға жан-жақты талдау жүргізді. Баяндама барысында сот жұмысын тиімді жоспарлау, талдамалық қызметтің сапасын арттыру, бекітілген жоспарлардың орындалуын қамтамасыз ету, азаматтардың арыз-шағымдарын заңда белгіленген мерзімде қарау мәселелері көтерілді. Сондай-ақ соттар мен азаматтар арасындағы кері байланысты күшейту, халықпен ашық әрі нәтижелі жұмыс жүргізу қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Сонымен бірге, аудандық және оған теңестірілген соттардың әкімшілері басшыларының есептері тыңдалып, өңірдегі соттардың қызметін ұйымдастыруға қатысты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Қатысушылар сот жүйесінің тиімділігін арттыру, заманауи басқару тәсілдерін енгізу және жұмыс сапасын жақсарту жөнінде ұсыныстарын ортаға салды.
Жиын қорытындысында департамент басшысы М.Асанова еңбек тәртібін қатаң сақтау, қызметтік жауапкершілікті күшейту және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, алдағы уақытта барлық бағыт бойынша жұмысты сапалы әрі нәтижелі атқару жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру