Қызылордада оқушыларға буллинг пен кибербуллингтің зияны түсіндірілді.

Azattyq-news
2 Min Read

Тасбөгет кентіне қарасты Сабалақ саяжайында орналасқан №297 мектепте 7–10 сынып оқушыларының қатысуымен «Ұрлық пен алаяқтық қылмыстары, буллинг және кибербуллингтің алдын алу» тақырыбында кең ауқымды танымдық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру және оқушылардың құқықтық сауатын арттыру.
Кездесуге қоғамдық қауіпсіздік бөлімі ювеналды полиция бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Қуаныш Жубаназаров арнайы қатысып, жасөспірімдерге құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ол оқушыларға қазіргі қоғамда жиі кездесетін алаяқтық әрекеттер, ұрлық қылмыстары, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлер және олардың алдын алу жолдары жөнінде жан-жақты мәлімет берді.
Жиын барысында кибербуллинг мәселесіне ерекше назар аударылды. Оқушыларға әлеуметтік желілерде жеке деректерді қорғау, жалған аккаунттардан сақтану, бейтаныс адамдармен байланыс орнатудың қауіптілігі және интернеттегі әдеп нормаларын сақтау жөнінде нақты түсіндірмелер айтылды. Сонымен қатар, желі арқылы жасалатын қысым көрсету, қорқыту немесе кемсіту әрекеттерінің де заң аясында қаралатыны ескертілді.
Сондай-ақ буллингтің, яғни қатарластар арасындағы қорқыту мен кемсітудің жасөспірім психологиясына тигізетін зияны сөз болды. Мамандар мектеп қабырғасында достық қарым-қатынас орнату, өзара сыйластықты нығайту, бір-біріне қолдау көрсету секілді адами құндылықтардың маңызын атап өтті.
Полиция майоры Қуаныш Жубаназаров оқушыларды кез келген құқыққа қайшы немесе күмәнді жағдайға бейжай қарамауға шақырып, мұндай сәттерде мұғалімдерге, ата-аналарға немесе құқық қорғау органдарына дер кезінде хабар беру қажеттігін жеткізді.
Мектеп ұжымы мұндай тағылымды кездесулер өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың саналы азамат болып қалыптасуына оң ықпал ететінін атап өтті.
Балалардың қауіпсіздігі мен жарқын болашағы – қоғам назарындағы маңызды мәселе болып қала береді.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру