Сырдария ауданында жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол жүрісі ережелерін сақтау және қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру бағытындағы профилактикалық шаралар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл – тек қауіпсіздікті қамтамасыз ету ғана емес, қоғамдық тәртіпті нығайтуға, әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды жұмыс.
Осы мақсатта «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалында арнайы жиналыс өткізіліп, оған аудандық полиция бөлімінің қызметкері Н. Мешітбаев пен Д. Алиев қатысып, жол қозғалысына қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды. Басқосуға жеке автокөлігі бар қызметкерлер шақырылып, олардың жолдағы тәртібі, көлік жүргізу мәдениеті және қауіпсіздік талаптарын сақтау деңгейі талқыланды.
Жиын барысында полиция қызметкерлері соңғы уақытта орын алып отырған жол-көлік оқиғаларының себептеріне тоқталып, көп жағдайда адам факторы – жылдамдықты шамадан тыс асыру, ұялы телефон пайдалану, қауіпсіздік белдігін тақпау, шаршаңқылық немесе жол жағдайына бейімделмеу секілді әрекеттердің апатқа әкелетінін атап өтті. Сондай-ақ, қызметкерлерге өз жауапкершілігін сезініп, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтау – әр жүргізушінің міндеті екені түсіндірілді.
Н. Мешітбаев жолда тәртіп орнатудың маңыздылығын айта келіп:
«Қызметкерлердің өзі үлгі көрсетпесе, қоғамнан талап ету қиын. Сондықтан әрбір жүргізуші ереже сақтауды күнделікті әдетке айналдыруы тиіс», – деді.
Ал Д. Алиев жол-көлік ережелерін бұзудың құқықтық салдарына тоқталып, айыппұлдар мен әкімшілік жауапкершілік мәселелерін түсіндірді. Ол әсіресе көлік тізгіндеген қызметкерлерге абай болуды, жолдағы тәртіпсіздік тек өзіне ғана емес, айналасындағыларға да қауіп төндіретінін ескертті.
Жиында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының маңыздылығы ерекше айтылды. Себебі профилактика – құқықбұзушылықтың алдын алудың ең тиімді жолы. Осы бағытта жоспарлы рейдтер, кездесулер, семинарлар мен брифингтер өткізілмек. Сонымен қатар, жол қауіпсіздігі талаптарының орындалуына бақылау күшейтіліп, ереже бұзғандар дер кезінде жауапкершілікке тартылатыны хабарланды.
Сырдария ауданы ТЖБ мамандары жолдағы қауіпсіздік – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтіп, тұрғындар мен қызметкерлерді сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырды. Жол ережесін сақтау – өз өміріңді ғана емес, өзгенің де өмірін қорғау екенін ескерткен мамандар қоғамда қауіпсіз орта қалыптастыру әрқайсымыздың міндетіміз екенін жеткізді.
