Патриот болу неден басталады? Отан қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы

Azattyq-news
3 Min Read

Бүгінгі жаһандану дәуірінде мемлекет қауіпсіздігі мен елдің болашағы тікелей ұрпақтың санасына сіңірілген отансүйгіштік қасиетке байланысты. Қазақстан азаматтары үшін Отанды қорғау – Конституцияда айқындалған міндет қана емес, ата-бабадан қалған аманат, ұлттық болмыстың өзегі.

Қоғамның даму қарқыны, ақпараттық кеңістіктің кеңеюі өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге жаңа талаптар қойып отыр. Бүгінгі жас буын тек білімді ғана емес, елін, жерін шынайы сүйетін, жауапкершілігі жоғары, батыл әрі рухы берік болуы тиіс. Ал мұндай қасиеттер аты айтып тұрғандай, «патриот болудан» басталады.

Патриоттық сезімнің қалыптасуы – күрделі әрі көпқырлы процесс. Ол ең алдымен отбасынан басталады. Әке-шешенің туған жерге деген құрметі, тарихқа деген сүйіспеншілігі, үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық көрсету секілді қарапайым әрі терең құндылықтар бала санасына ерте жастан сіңеді.

Келесі маңызды орта – мектеп пен оқу орындары. Мұнда жасөспірім тек білім алып қана қоймай, азаматтық жауапкершілік, ұлттық рух, мемлекетке қызмет ету мәдениеті қалыптасады. Әскери-патриоттық клубтар, тәрбие сағаттары, спорттық және мәдени іс-шаралардың бәрі жастардың ерік-жігерін шыңдап, елжандылық қасиетін арттыруға бағытталған.

Патриотизм – мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің негізі.
Отанын сүйетін азамат:
ел үшін жауапкершілік алады;
заңды құрметтейді және орындайды;
қоғамға пайда әкелуге ұмтылады;
қажет болғанда Отанды қорғауға дайын тұрады.

Бүгінгі күрделі геосаяси жағдайда әр азаматтың ел тағдырына бейжай қарамауы, ұлттық бірлікті сақтауына үлес қосуы ерекше маңызды.

Әскери қызметші пікірі: Патриотизм – ерлік пен адалдықтың бастауы

ҰҚК Қызылорда облысы бойынша департаментінің әскери қызметшісі Аскербек Абилов патриоттық сезімнің қалыптасуы туралы өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, нағыз патриотизм жоғары ұрандардан емес, қарапайым күнделікті іс-әрекеттен басталады:

«Патриот болу — мемлекетті құр сөзбен емес, адал қызметпен, тәртіппен, біліммен және нақты іспен қолдаудан басталады. Әр азамат өз мамандығында ел игілігі үшін еңбек етсе, заңды құрметтесе, қоғамға үлгі болса — бұл Отанға жасалған ең үлкен қызмет», — дейді ол.

Сонымен қатар, әскери қызметшінің айтуынша, жастарды ел қорғауға дайындау – тек күш құрылымдарының емес, бүкіл қоғамның міндеті. Ұрпақты отансүйгіш етіп тәрбиелеу – болашақтың қауіпсіздігіне салынған инвестиция.

Патриотизм – ұлық идея ғана емес, әр күнгі әрекеттен көрінетін өмір салты. Ол отбасы тәрбиесінен басталып, мектепте бекиді, қоғамда шыңдалады. Елін сүйген азамат – мемлекеттің ең үлкен байлығы.

Өскелең ұрпақты Отанға адал, білімді, батыл, жауапкершілігі жоғары азамат етіп тәрбиелеу – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру