Аудан әкімінің аппараты 13 қараша күні ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қызылорда облысы бойынша Департаментімен бірлесіп, мемлекеттік органдарда жолданымдармен жұмыс жүргізу тәртібін түсіндіруге бағытталған ауқымды семинар-кеңес өткізді. Іс-шараға аталған комитеттің облыс бойынша бас маманы Нұрымов Керейтбай Ермағанбетұлы арнайы қатысып, мамандарға жан-жақты түсіндірме жұмысын жүргізді.
АРПК және №4 бұйрық талаптары жан-жақты талқыланды
Семинар барысында Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (ӘРПК), сондай-ақ ҚР Бас прокурорының 04.01.2023 жылғы №4 бұйрығымен бекітілген:
«Мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына және мемлекеттік қатысуы жүз пайыз ұйымдарға келіп түсетін жолданымдарды тіркеу, есепке алу, сондай-ақ «Электрондық жолданымдар» ақпараттық талдау жүйесін жүргізу қағидасының талаптары жан-жақты түсіндірілді.
Аталған нормативтік құжаттардың мазмұны, олардың орындалу тетігі, жолданымдарды тіркеу мен өңдеудің бірыңғай тәртібі жөнінде нақты мысалдар келтіріліп, қызметкерлердің практикалық дағдыларын жетілдіруге ерекше назар аударылды.
Аудан бойынша барлық жауапты мамандар қамтылды
Жиынға аудан әкімінің аппараты, аудандық дербес бөлімдер, Тереңөзек кенті және ауылдық округтер әкімдері аппаратының жауапты мамандары қатысты. Семинар барысында қатысушылар мемлекеттік қызмет көрсету, азаматтардың өтініштерін қарау, есеп жүргізу және ақпараттық жүйелерді тиімді пайдалану бағытында көкейдегі сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды.
«Е-Өтініш» жүйесі бойынша тәжірибелік түсіндірме берілді
Семинардың маңызды бөлігі «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесін қолдану тәртібіне арналды. Мамандарға жүйедегі өтініш қабылдау, тіркеу, орындау мерзімін бақылау және есептілік жүргізу тәртібі практикалық түрде көрсетіліп, жиі жіберілетін қателіктер талданды.
Заңнаманы мүлтіксіз сақтау – басты талап
Іс-шара соңында қатысушы мемлекеттік қызметкерлерге жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмыс істеу барысында заң талаптарын қатаң және мүлтіксіз сақтау қажеттігі ерекше ескертілді.
Сонымен қатар, алдағы уақытта есеп жүргізу және талдау барысында кемшіліктер анықталған жағдайда мемлекеттік органдардың бірінші басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылатыны айтылды.
