МӘЖІЛІСТЕ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Azattyq-news
2 Min Read

Қызылорда қаласында ауыл шаруашылығы мен спорт саласындағы даму қарқыны сөз болды

Бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтың төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды бірнеше мәселе қаралды. Күн тәртібінде егін жинау науқанының қорытындысы, спорттық инфрақұрылымды дамыту және бұқаралық спортты жандандыру бағытындағы жұмыстар талқыланды.

Жиын барысында Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов биылғы егін жинау науқанының нәтижелері жөнінде баяндап, алдағы жылға арналған міндеттерді нақтылады.

— Биылғы жылы қала аумағында 8 мың гектардан астам жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде негізгі дақыл – күріш 3 мың 354 гектарға егілді. Қиындықтарға қарамастан, егінге су толық көлемде берілді. Бүгінде жиын-терім науқаны талапқа сай жүргізіліп, өнім ысырапсыз жиналып алынды, — деді қала әкімі.

Сондай-ақ, Нұржан Сәбитұлы алдағы уақытта шаруашылықтардың су үнемдеу технологияларын енгізіп, суды аз қажет ететін дақылдарға көшу қажеттігін атап өтті. Бұл бағытта қала әкімдігі тарапынан шаруашылық құрылымдарына түсіндірме жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.

Бұқаралық спорт – басты назарда

Мәжіліс барысында қаладағы спорт саласының дамуы мен бұқаралық спортты қолдау жайы да талқыланды. Соңғы жылдары Қызылорда қаласында тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылығы артып келеді. Аймақ басшысының қолдауымен жаңа спорт нысандары салынып, тұрғындарға қолжетімді жағдайлар жасалуда.

— Ендігі міндет – спорт нұсқаушыларының жұмысын жүйелеу. Бұл бағытта нақты тәртіп пен бақылау болуы шарт. Мемлекеттің басты капиталы – адам. Сондықтан дені сау ұлт тәрбиелеу, салауатты өмір салтын қалыптастыру — біздің ортақ міндетіміз, — деді қала басшысы.

Қосымша мәселелер назардан тыс қалмады

Жиын соңында күн тәртібінен тыс бірнеше өзекті мәселе қаралды. Қала әкімі жауапты басқармаларға санитарлық тазалық шараларын жүйелі түрде ұйымдастыруды, жылу беру маусымында апаттық жағдайлардың алдын алуды және күннің суытуына байланысты барлық қажетті жұмыстарды үйлестіруді тапсырды.

Мәжіліс қорытындысында барлық сала басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалу барысы қатаң бақылауда болатыны атап өтілді.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру