Қызылорда қаласында алдағы қыс айларына дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қала әкімдігі коммуналдық қызметтердің толық дайын болуын басты назарда ұстап, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қаланың тазалығы үшін кешенді шаралар қабылдауда.
Бүгін қала әкімі Нұржан Ахатов «Қызылорда тазалығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, мекеменің қысқы маусымға әзірлік барысымен танысты.
Заманауи техника мен еңбеккерлер дайын
Қыс мезгілінде қала көшелерін қардан тазарту, мұз қатуға қарсы қоспа себу және көше тазалығын қамтамасыз ету – тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз қозғалысының негізгі кепілі. Осы бағытта «Қызылорда тазалығы» серіктестігі биылғы маусымға жан-жақты дайындық жүргізді.
Мекемеге тиесілі 60-қа жуық заманауи арнайы техника толық техникалық тексеруден өткізіліп, қысқы режимге бейімделді. Барлық көліктер қажетті жанар-жағармаймен және қосалқы бөлшектермен толық қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар, 2 500 тонна көлемінде құм мен тұз араласқан арнайы қоспа дайындалды. Бұл материалдар қаланың басты және қосалқы көшелерінде мұздың пайда болуына жол бермей, көктайғақтың алдын алуға бағытталған.
Тәртіп пен жауапкершілік – басты талап
Қыс мезгілінде үздіксіз қызмет атқаратын 100-ге жуық қызметкер арнайы учаскелерге бөлініп, кезекшілік кестесіне сай жұмыс жүргізеді. Тәулік бойы жұмыс істейтін бұл мамандар қаланың әр аумағында жедел әрекет етуге дайын.
Қала әкімі Нұржан Ахатов мекеменің дайындығын жоғары бағалай отырып, жауапты сала басшыларына қысқы маусым кезінде жұмыстарды тиімді ұйымдастыруды, техника мен қызметкерлердің дайындығын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
– Қала тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлылығы – біздің басты міндетіміз. Қысқы кезеңде коммуналдық қызметтердің жұмысы үйлесімді әрі тәртіппен ұйымдастырылуы қажет. Әрбір ауланы, көшені, жолды қардан тазарту және көктайғақтың алдын алу – күн тәртібіндегі басым бағыт, – деді қала әкімі.
Қала тазалығы – ортақ жауапкершілік
«Қызылорда тазалығы» серіктестігі жыл сайынғы тәжірибесіне сүйене отырып, қысқы маусымда туындайтын қиындықтардың алдын алу үшін алдын ала жоспар құрған. Тұрғындардан да өз ауласындағы тазалық пен қауіпсіздікке үлес қосу, қоқыс тастау мәдениетін сақтау және арнайы ережелерді орындау сұралады.
Қызылорда қаласында коммуналдық қызметтердің үйлесімді жұмысы мен дайындық шаралары алдағы қыс айларын қиындықсыз өткізуге мүмкіндік береді
