Сыр өңіріне жұмыс сапары барысында өңірлерден келген мәслихат төрағалары Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылында болып, ауылдың даму қарқыны мен әлеуметтік жетістіктерімен танысты.
Бұл сапардың басты мақсаты — тарихы мен мәдениетін сақтай отырып, жаңа даму бағыттарын тиімді үйлестіріп отырған үлгілі ауыл тәжірибесін зерделеу болды.
Облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов бастаған делегацияға ауылдың әлеуметтік нысандары, мәдениет ошақтары мен көрікті жерлері таныстырылды. Төраға ауылдың бүгінгі келбеті мен даму бағыттары туралы жан-жақты баяндап, мұндағы оң өзгерістерге ерекше тоқталды.
Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясовтың есімімен аталған бұл ауыл — бүгінде батыр рухына сай өркендеп келе жатқан өңірдің символына айналған. Инфрақұрылым, мәдениет, туризм және әлеуметтік даму салаларындағы жетістіктері ауылды облыс көлеміндегі ең үздік елді мекендердің қатарына қосты.
Соңғы жылдары Нағи Ілиясов ауылында ауқымды абаттандыру және инфрақұрылымдық жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде ауылдың келбеті түбегейлі өзгеріп, заманауи үлгідегі әлеуметтік және мәдени нысандар салынды.
Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға зор үлес қосқан «Абзал и К» агроөнеркәсіптік компаниясының қолдауымен бірнеше жаңа нысандар бой көтерді. Олардың қатарында:
заманауи сауда орталығы;
кең ауқымды мәдениет үйі;
сәулеті ерекше мешіт;
тарихи құндылықтарды сақтайтын мұражай;
спорттық өмірді жандандыратын спорт кешені мен футбол алаңы бар.
Бұл нысандар ауыл халқының әлеуметтік және мәдени өміріне жаңа серпін беріп, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік туғызды.
Нағи Ілиясов ауылының жетістіктері тек аймақ көлемінде ғана емес, республика деңгейінде де жоғары бағаланды.
Ауыл «Үлгілі елді мекен» облыстық байқауының жеңімпазы атанып, ал биыл «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы ұйымдастырған республикалық конкурс нәтижесінде Қазақстанның үздік 5 туристік ауылының қатарына енді.
Бұл жетістік ауылдың мәдени туризмді дамытудағы әлеуетін көрсетіп, ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де туристердің қызығушылығын тудырып отыр.
Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылы — ел дамуының, рухани жаңғыру мен жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің нақты нәтижесін көрсететін үлгілі ауыл. Мәслихат төрағаларының сапары бұл ауылдың тәжірибесін өзге өңірлерге таратуға жол ашты.
