Сыр елі үшін еңбектің, молшылық пен берекенің мерекесіне айналған «Алтын күз – 2025» дәстүрлі шарасы биыл да жоғары деңгейде өтті. Қызылорда қаласындағы «Өнер орталығында» өткен мерекелік жиында облыстың ауыл шаруашылығы саласының үздіктері марапатталып, жыл бойғы ерен еңбектің нәтижелері қорытындыланды.
Бұл шараның басты мақсаты – дала төсінде маңдай терімен ел ырысын еселеп жүрген еңбек адамын дәріптеу, саладағы озаттарды ұлықтау. Салтанатты жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, аудан әкімдері, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері мен еңбеккерлері қатысты.
Сырдария – дәстүр сабақтастығын жалғаған аудан
Мерекелік шара барысында егін шаруашылығы саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін Сырдария ауданы «Үздік аудан» номинациясымен марапатталды. Марапат аудан әкімі Берік Сәрменбаевқа табысталды.
Бұл жетістік – аудан диқандарының тынымсыз еңбегінің, сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі. Сырдария ауданы соңғы жылдары өңірдің ауыл шаруашылығы саласында тұрақты даму қарқынын сақтап келеді.
Еңбек пен өнім – аудан мақтанышы
Биыл ауданда 33 145 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде негізгі өнім – күріштің көлемі 19 950 гектарды құрайды. Сонымен қатар 2 000 гектарға жаздық бидай, 40 гектарға арпа, 600 гектарға мақсары, 150 гектарға күнбағыс егілді. Мал азығын дайындау мақсатында 2 200 гектар жаңа және 7 400 гектар ескі жоңышқа алқабы игерілді.
Аудан шаруалары егістікке 6 303 тонна жоғары сапалы күріш тұқымын («Лидер», «Маршал», «Янтарь», «Каурис», «Яхонт», «Айсара» сорттары) пайдаланған. Нәтижесінде 19 950 гектар күріш алқабынан 121 695 тонна астық жиналып, орта өнім гектарына 61 центнерден айналды.
Жоңышқа егісінен 20 010 тонна шөп, ал жаңа егістен қосымша 1 100 тонна өнім алынды. Сондай-ақ 2 000 гектар бидайдан 1 270 тонна, 600 гектар мақсарыдан 144 тонна, 150 гектар күнбағыстан 3 тонна өнім жиналды. Күзгі науқанға 894 дана ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған.
Молшылық пен бірліктің символы
Сыр өңірі ежелден «ақ маржанның отаны» атанған. Биыл облыс бойынша күрішшілер 470 мың тоннаға жуық өнім жинап, әр гектардан орташа есеппен 58,1 центнерден өнім алған. Бұл – ел ырысын арттыру жолындағы қажырлы еңбектің нақты нәтижесі.
Еңбек майталмандарының тынымсыз еңбегі мен бірлігінің арқасында қамба дәнге толды. Молшылық пен берекенің нышанына айналған бұл жетістік – Сыр елі диқандарының табандылығы мен бірлігінің айғағы.
Қорытындылай келе, Сырдария ауданының «Үздік аудан» атануы – жылдар бойы қалыптасқан еңбек дәстүрінің жалғасы, ауыл шаруашылығы саласындағы ұдайы ізденіс пен қажырлы еңбектің жемісі.
