Бүгін облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, бюджет қаражатының игерілуі және негізгі макрокөрсеткіштердің орындалу барысы қаралды. Жиын барысында өзекті мәселелер талқыланып, алдағы міндеттер нақты айқындалды.
Экономикалық көрсеткіштер – даму айнасы
Қала әкімдігінде өткен жиында шаһар басшысы Нұржан Ахатов облыс әкімінің тапсырмаларына сәйкес, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы жұмыстарды талдап, нақты нәтижелерге жету қажеттігін атап өтті.
– Қазір біз жылдық меженің үш тоқсаны бойынша атқарылған жұмыстарды саралап, жылдың қорытындысына дейін орындалуы тиіс міндеттерді нақтылайтын маңызды кезеңге келдік. Экономикалық өсімнің, бюджеттік түсімдердің, инвестициялық және әлеуметтік көрсеткіштердің деңгейі – қаланың даму айнасы. Сондықтан әрбір сала нақты нәтижеге бағытталуы тиіс, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Бюджеттің орындалуы – басты назарда
Жиында бюджет қаражатын тиімді әрі уақытылы игеру мәселесіне де баса мән берілді. Бұл бағытта кейбір мекемелердің қаржыны игеру көрсеткіші төмен екені айтылып, кемшіліктерді жою және нақты талдау жүргізу тапсырылды.
– Бюджет қаражаты – халықтың игілігі үшін бөлінген қаржы. Сондықтан әрбір теңгенің тиімді жұмсалуы, жоспарланған жобалардың уақтылы жүзеге асуы – басты міндет. Қаржының игерілуі бойынша төмен көрсеткіштерге жол берілмеуі керек, – деді қала әкімі.
Нақты нәтижеге бағытталған жұмыс
Кеңесте атқарылған жұмыстармен қатар, алдағы кезеңге арналған жоспарлар да талқыланды. Қаладағы инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы, инвестициялық ахуалды жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру – негізгі басым бағыттардың бірі ретінде белгіленді.
Шаһар басшысы әрбір бөлім мен басқарманың жұмысын жүйелеп, көрсеткіштерді нақты орындау үшін жауапкершілікті күшейту қажеттігін айтты.
– Алдымызда тұрған міндет айқын – тапсырмаларды тиянақты орындап, жылды нақты нәтижемен аяқтау. Әрбір сала басшысы өз жұмысына жан-жақты талдау жасап, тұрғындардың сенімін ақтайтындай еңбек етуі қажет, – деп түйіндеді қала әкімі.
