«Таза Қазақстан»: Ауданда ағаш егу акциясы өтті

Azattyq-news
3 Min Read

Бүгін еліміз бойынша өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында аудан көлемінде ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бұл бастама қоғам назарын қоршаған ортаны қорғауға, елді мекендерді көгалдандыруға және санитарлық тазалықты сақтауға жұмылдыруды көздейді.

Акция аясында аудан әкімі Берік Сәрменбаев көшет отырғызу шарасына өзі қатысып, жасыл желек санын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Іс-шараға аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов, сондай-ақ аудандық мәслихат депутаттары А.Есназар, А.Ибрагимұлы, Б.Ұлтанбекұлы, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, еріктілер мен жергілікті тұрғындар белсене қатысты.

Аудан әкімі өз сөзінде:

«Таза қоршаған орта – ұлт саулығының кепілі. Әр азамат өз үйінің, көшесінің және туған жерінің тазалығына үлес қосуы тиіс. Көшет егу – тек экологиялық емес, ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміздің көрінісі», – деді.

Акция барысында аудан орталығында және ауылдық округтерде жүздеген көшет егілді. Негізінен сәндік ағаштар мен көлеңкелі тал түрлері таңдалып, қоғамдық орындарға, саябақтар мен мектеп, балабақша аумағына отырғызылды. Бұл бағыттағы жұмыстарды аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен ерікті жастар тобы үйлестірді.

Сонымен қатар, кент және ауылдық округтерде көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалау жұмыстары кең көлемде жүргізілді. Әсіресе, жол бойындағы ағаштарды балақтау, жабайы шөптерді шабу, тұрмыстық қалдықтарды тазалау және ескі ағаштарды жаңарту секілді шаралар қолға алынды.

Экологиялық мәдениетті дамыту бағытында аудан еріктілері де белсенділік танытты. Олар тұрғындарға тазалық сақтау жөнінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, қалдықтарды сұрыптау мәдениетін қалыптастырудың маңызын түсіндірді.
Мектеп оқушылары мен студент жастар «Біз таза ел үшін» ұранымен флешмоб ұйымдастырып, қоғамды экологиялық жауапкершілікке шақырды.

«Таза Қазақстан» акциясы тек бір күндік шара емес, ол – үздіксіз жүргізілетін экологиялық қозғалыс. Бұл бастама арқылы аудан тұрғындары туған жердің табиғатын сақтау, жасыл желекті көбейту және қоршаған ортаны таза ұстау мәдениетін өмір салтына айналдыруға шақырылуда.

Экологиялық қозғалыстың басты мақсаты – әрбір азаматтың бойында табиғатқа деген сүйіспеншілік пен жауапкершілікті арттыру. Тазалық пен тәртіптің сақталуы – ортақ игілік, ал егілген әрбір тал – болашақ ұрпаққа жасалған тарту.

«Таза Қазақстан» акциясы – еліміздің экологиялық болашағына бағытталған игі қадам. Мұндай шаралар қоғамды бірлікке, табиғатты қорғауға және туған өлкені көркейтуге жұмылдырады.
Аудан тұрғындарының белсенділігі мен бірлескен еңбегі нәтижесінде елді мекендер ажарланып, жасыл желекке орануда.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру