ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНДА ЖАҢА НАН ӨНДІРІС КЕШЕНІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Azattyq-news
2 Min Read

Қызылорда қаласында жаңа заман талаптарына сай салынған нан өнімдерін өндіретін заманауи кешеннің ашылу салтанаты өтті. «Қызылорда-Нан» серіктестігінің жаңа зауытының іске қосылуы қала өміріне тың серпін беріп, аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін нығайта түспек.

Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, еңбек ардагерлері, қала тұрғындары мен кәсіпкерлер қауымы қатысты. Аймақ басшысы жиналған жұртты жаңа өндіріс орнының ашылуымен құттықтап, бұл жоба өңірдің экономикалық әлеуетін арттыратынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру мен өңдеуші өнеркәсіпті дамыту бағытында нақты міндеттер қойған болатын. Бүгінгі нысан – сол тапсырмалардың жүзеге асқан жарқын көрінісі. Соңғы жылдары Қызылорда облысында инвестициялық климат жақсарып, жаңа жобалар қарқын алды. Тек соңғы үш жылдың өзінде 1,6 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Биылғы жылдың өзінде аймақ республика бойынша инвестиция көлемі жөнінен алдыңғы қатарға шықты», – деді өңір басшысы.

Облыс экономикасына серпін беретін бұл жоба 5,6 миллиард теңге көлеміндегі инвестицияның нәтижесінде жүзеге асты. Кешеннің бірінші кезеңінде заманауи, толық автоматтандырылған төрт өндірістік цех іске қосылды. Алдағы жылы екінші кезең аясында 2,5 миллиард теңгеге ұн комбинатын салу жоспарлануда.

Мемлекет тарапынан бұл жобаға айрықша қолдау көрсетілді: кәсіпорынға 5 гектар жер телімі беріліп, инженерлік инфрақұрылым толықтай қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, 1,2 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие ұсынылып, оның пайыздық мөлшерлемесі субсидияланды.

Қазір зауытта 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жақын уақытта бұл көрсеткіш 170 қызметкерге дейін артады деп күтілуде.

Ашылу рәсімінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев пен қоғам қайраткерлері сөз сөйлеп, жаңа кешеннің қала өміріндегі маңызына тоқталды. Кәсіпорынның дамуына үлес қосқан инвестор Нейля Жүсіпова Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды, ал бірқатар қызметкерлерге облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.

Айта кетейік, Қызылордада алғашқы нан зауыты 1957 жылы іске қосылып, бірнеше онжылдық бойы тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз етіп келген еді. Міне, араға отыз жыл салып, осы игі дәстүр қайта жанданып отыр.

Жаңа «Қызылорда-Нан» кешені – тек өндірістік емес, әлеуметтік маңызы зор нысан. Ол өңірдің азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, жергілікті экономиканың дамуына да үлес қосады.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру