Қызылорда қаласында «Қала күні» мен облыс орталығының астана болғанына 100 жыл толуына арналған мерекелік концерттік бағдарлама жалғасын табуда.
Кеше Орталық алаңда Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің жас өнерпаздары қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлады. Әсем әуен мен ұлттық рухқа толы күйлер, заманауи ырғақтағы билер мен жүрек тебіренткен әндер мерекелік кештің сәнін келтірді. Көрермендер жас таланттардың шеберлігіне тәнті болып, ыстық ықылас білдірді.
Музыкалық колледж студенттерінің орындауындағы халықтық және заманауи бағыттағы туындылар Қызылорданың мәдени өміріндегі шығармашылық серпінді, жастардың өнерге деген құштарлығын айқын көрсетті.
Бүгін мерекелік эстафетаны М. Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық колледжінің өнерлі жастары жалғастырады. Олар да қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлап, сахна төрінде өз шеберліктерін паш етпек.
Қала күні аясындағы бұл концерттік бағдарламалар — Қызылорданың мәдени әлеуетін арттырып, ел мен жерге деген сүйіспеншілікті нығайтуға бағытталған игі шара.
