ЖОЛДАУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Azattyq-news
2 Min Read

Қызылорда қаласында Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға арналған кеңейтілген жиын өтті. Басқосу ел дамуы үшін айқын бағдар болар стратегиялық құжаттағы басым бағыттарды жергілікті деңгейде жүйелі іске асырудың тетіктерін талқылауға арналды.

Жиынға қалалық мәслихат төрағасы, депутаттар, ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік мекеме басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, саяси партия өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, зиялы қауым және белсенді жастар қатысты.

Қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев сөз сөйлеп, Жолдауда айқындалған міндеттерді жүзеге асыруда ортақ іске жұмылудың маңызына тоқталды. Ол ел мүддесі жолындағы бастамаларды табандылықпен орындау үшін қоғамдағы ауызбіршілік пен ынтымақты арттыру қажеттігін атап өтті.

Басқосу барысында бірқатар сала жетекшілері Жолдауда көтерілген бағыттарды жан-жақты талдап, өз ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев құжаттағы негізгі басымдықтар жайында баяндады. Ал кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту және инвестиция тарту мәселелері жөнінде Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов пікір білдірді.

Әлеуметтік қолдау шаралары туралы қалалық мәслихат депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Айгүл Мұсабаева баяндаса, цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы жұмыстарға байланысты Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Жасанды интеллект институтының директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Нұрлан Құлмырзаев өз көзқарасын жеткізді.

Сондай-ақ, жастарға көрсетіліп жатқан қолдаулар бағытында қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Медет Жорабек сөз сөйлеп, жас буынның әлеуетін арттыруға арналған мемлекеттік бастамалардың тиімділігін атап өтті.

Жиын қорытындысында қатысушылар Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттерді жүзеге асыруға барша қоғам болып үлес қосу қажет деген ортақ пікірге тоқталды.

Бұл мақаламен бөлісу
Пікір қалдыру