Қызылорда қаласы бүгінде күн сайын құлпырып, жаңа келбетке ие болып келеді. Әсіресе тұрғындар мен қонақтардың сүйікті демалыс мекеніне айналатын Президент паркін қайта жаңғырту жұмыстары айрықша назарға ілігуде. Бұл бастама – аймақ басшысының қолдауымен қолға алынған ауқымды жобалардың бірі.
Жобаны жүзеге асырып жатқан бас мердігер – «Bi Global» ЖШС. Қазіргі таңда саябақ аумағында бұрын-соңды болмаған үлкен көлемдегі жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Мұнда 3 аллея, 6 әсем субұрқақ, 5 амфитеатр, 7 балалар ойын алаңы, 4 спорт алаңы, 4 workout аймағы, 7 тынығу орны, 4 фудкорт, теннис үстелдері, айналмалы дөңгелек аттракцион, заманауи тамақтану ғимараттары, би алаңы, стритбол, вело және жүгіру жолақтары бой көтеруде. Сондай-ақ, сахна, саябақ ішіндегі сарқырама каналдары мен олардың үстінен салынған көпірлер көріністі ерекше сәнге бөлейді. Шахмат, баскетбол, футбол алаңдары мен арқан саябағы қала жастары мен спорт сүйер қауым үшін таптырмас орын болмақ.
Президент саябағы тек қана ересектерге емес, ең алдымен балаларға қуаныш сыйлайтын мекенге айналмақ. «Alem Qurylys AQ» ЖШС-нің құрылысшылары мұнда жыл он екі ай үздіксіз жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагерін тұрғызып жатыр. Лагерь құрамында спорт блогы, түрлі мәдени іс-шараларға арналған event-аймақ, 4 тұрғын аумақ, қонақ үй үлгісіндегі шағын ғимараттар, 5 дәстүрлі киіз үй, ашық бассейн, стадион мен футбол алаңы қарастырылған. Балдырғандар үшін сахна, ойын алаңдары және табиғатпен үндескен тынығу орындары салынуда.
Сонымен бірге, мұнда Ботаникалық білім беру орталығы – қысқы бақ бой көтереді. Бұл жас ұрпақтың табиғатқа жақын болып, экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған ерекше бастама.
Саябақ аумағы мен «Астана» шағын ауданын тікелей байланыстыру үшін Сырдария өзені үстінен жаяу жүргіншілер көпірі салынбақ. Бұл нысан тек көлік қозғалысын жеңілдетіп қана қоймай, тұрғындардың қала ішінде еркін серуендеп, табиғат аясында тынығуына мүмкіндік береді.
Ауқымды жобаның аяқталуы нәтижесінде Президент саябағы Қызылорданың ең көрікті орындарының біріне айналады. Мұнда келген әрбір тұрғын мен қонақ табиғаттың әсемдігін сезініп қана қоймай, денсаулығын нығайтып, көңіл көтеретін түрлі мүмкіндіктерге қол жеткізеді.
Президент саябағы – тек демалыс аймағы емес, ол Қызылорданың заманауи даму қарқынын айқындайтын, тұрғындарға арналған ыңғайлы әрі әсем инфрақұрылымның айқын дәлелі.
