Қызылорда қаласының сол жағалауында әлеуметтік санаттағы тұрғындарға арналған 280 пәтерлік 7 көпқабатты үйдің кілті иелеріне салтанатты түрде табысталды. Шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, сала жетекшілері, құрметті азаматтар мен қала тұрғындары қатысты.

Аймақ басшысы жаңа қоныс иелерін құттықтап, бұл игілікті іс тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.
– Биыл халқымыз үшін ерекше жыл. «Қазақ» атауының ресми түрде қайтарылғанына және Қызылорданың ел астанасы болғанына ғасыр толып отыр. Осы мерейлі кезеңде өңірімізде еңселі ғимараттар бой көтеріп, көшелеріміз абаттанып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуда. Соның айғағы – бүгінгі баспанаға қол жеткізген жерлестеріміздің қуанышы. Әр шаңыраққа құт-береке тілеймін, – деді облыс әкімі.
Соңғы үш жыл ішінде аймақта 2,5 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен апатты жағдайда қалған үйлердің тұрғындарына 5 мыңнан астам пәтер үлестіріліп, 25 мыңға жуық отбасы жаңа қонысына қадам басты. Бұдан бөлек, аудан орталықтарында 1500-ге жуық жаңа пәтер берілді.
Мерекелік рәсімде мердігер компания – «Мелиоратор» ЖШС құрылысшыларына облыс әкімінің алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ, Қызылорданың Құрметті азаматы Ибрагим Әбибуллаев ел игілігі үшін жасалған еңбектің баянды болуын тілеп, батасын берді.
Биылғы жылы тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын пәтер сатып алуға бюджеттен 58,7 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, жыл соңына дейін 870 мың шаршы метр баспана ел игілігіне ұсынылмақ. Айта кетерлігі, өткен жылдан бастап қалада жаңа үлгідегі 7, 9 және 12 қабатты заманауи үйлер салынып келеді.
Қызылорданың сәулеті жылдан жылға көркейіп, жаңа қоныстардың кілтін алған әр отбасы үшін бұл күн мәңгі есте қалмақ.
