Қызылорда облысында денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып, цифрлық технологиялар мен жаңа инфрақұрылым енгізілуде.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында медицина сапасын арттыру үшін жасанды интеллект пен заманауи жүйелерді кеңінен қолдану қажеттігін атап өтті. Осы бағытта аймақта бірқатар жобалар жүзеге асуда:
медициналық ақпараттық жүйелер толық интеграцияланды;
телемедицина арқылы жүздеген консультация өткізілді;
100 мыңнан астам қашықтан қызмет көрсетілді;
«Face ID» арқылы пациенттерді сәйкестендіру іске қосылды;
дәрі-дәрмек айналымын бақылау жүйесі енгізілді;
«Әлеуметтік әмиян» арқылы 300 мыңнан аса электронды рецепт жазылды.
Қазіргі таңда облыста 30 мемлекеттік және 19 жеке медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетуде. Оның ішінде 5 ауылдық аурухана, 95 дәрігерлік амбулатория, 26 фельдшерлік-акушерлік пункт пен 94 медициналық пункт бар.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Өткен жылы 15 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны пайдалануға берілсе, биыл тағы 12-сі іске қосылды. 2025 жылға дейін бірнеше аудандық ауруханалар заманауи инсульт және кардиологиялық орталықтары бар көпбейінді мекемелерге айналмақ.
Бұл жұмыстардың барлығы – өңір тұрғындарына қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсетуге бағытталған.

