Бүгін Шиелі кентіндегі «Арман» мәдениет үйінде Құрылысшылар күніне орай «Берік құрылыс – жарқын болашақ» атты салтанатты мерекелік шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Мерекелік басқосуда аудан әкімі Айтбай Жандарбеков құттықтау сөз сөйлеп, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып жүрген құрылысшылар қауымының еңбегіне жоғары баға берді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың жетекшілігімен атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарының ауқымы артып келе жатқанын атап өтті. Соның аясында ауданда ірі әлеуметтік нысандар салынып, жолдар жөнделіп, елді мекендердің келбеті көркейіп келе жатқаны айтылды.
Салтанатты шара барысында сала үздіктері Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының, сондай-ақ аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Марапат иелері қатарында түрлі салада адал еңбек етіп жүрген білікті мамандар, жастар және сала ардагерлері бар.
Мерекелік жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил да құттықтау сөз сөйлеп, құрылысшылардың қоғамдағы айрықша орнына тоқталды.
Шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ерекше әсер қалдырды.