Бүгін аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев және халық қалаулылары Шиелі кентіндегі №219 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарының барысын көрді, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
№219 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп – ауданымыздағы іргелі білім ордаларының бірі. Жылдар бойы мыңдаған түлекке сапалы білім мен тәрбие берген бұл мектепте соңғы жылдары ғимараттың ескіруіне байланысты ауқымды жаңғырту қажеттілігі туындаған болатын. Осы мақсатта биыл мектепті толықтай жөндеуден өткізу үшін 363 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары басталған.
Жөндеу жұмыстарын «СК и Монтаж — Строй» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда шатыр жабындысы, ішкі-сыртқы әрлеу, сондай-ақ оқу кабинеттерін заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Аудандық тиісті сала басшылары мен мердігер мекеме өкілдері де аралау барысында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Жоспарға сәйкес, жаңа оқу жылында оқушылар толықтай жаңғыртылған, заманауи талаптарға сай мектеп қабырғасында білім алуды бастайды. Мұнда оқушылардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін пән кабинеттері жасақталмақ. Бұл – сапалы білім беру инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы маңызды қадамдардың бірі.
Аудан әкімі нысандағы жұмыстардың сапасын жіті бақылап, құрылыс жұмыстарының уақытылы әрі талапқа сай аяқталуы қажеттігін ескертті. Сондай-ақ мердігер мекемеге құрылыс сапасына ерекше мән беруді тапсырды.