Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына орай, Шиелі ауданында ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың белсенділігін ынталандыру мақсатында «Ауыл күндері» байқауы бастау алған болатын, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Әр аптаның жұмасында дәстүрге айналған бұл игі бастама аясында бүгін Ортақшыл және Жөлек ауылдық округтерінің өнер ұжымдары «Руханият» орталығының алаңында концерттік бағдарлама ұсынып, көрерменге ерекше рух пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптейтін көріністер мен патриоттық әндер көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Ауқымды байқау ауыл тіршілігін жандандырып, еңбек адамдарының мәртебесін көтеруге, ынтымақ пен бірлікті нығайтуға бағытталған. Байқау аясында елді мекендерде абаттандыру, мәдени шаралар, ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкелері өткізіліп, жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлі кеңінен насихатталуда.
«Ауыл күндері» аясындағы бүгінгі байқауға аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов арнайы қатысып, ауыл тұрғындары мен өнерпаздарға сәттілік тілеп, бұл жобаның ауыл өміріне серпін беріп жатқанын атап өтті.