ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен Шиелі ауданына келді. Сапар барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбековпен бірге бірқатар егіс алқаптарын аралап, су жеткізу мәселелерінің жай-күйімен танысты, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Шиелі ауданында 32 012 гектар алқапқа егін егілген. Басым бөлігін дәнді және малазықтық дақылдар құрайды. Сонымен қатар картоп, көкөніс, бақша өнімдері де бар. Күріш көлемі 12 300 гектар.
Аудандағы 161 шаруашылықтың 118-і күріш егумен айналысады. Қазіргі таңда 24 шаруашылық құрылымының алқаптарында 56 насос қондырғысы күріштіктерді суаруға пайдаланылуда.
Сапар аясында министр «Ақмая» шаруа қожалығының егіс алқабына барып, шаруашылық жетекшілерімен кездесті. Кездесу барысында ауыл шаруашылығы мен су жеткізу саласындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары жан-жақты талқыланды.
Сондай-ақ, су айдайтын насос қондырғыларының жұмысымен танысып, олардың егіс алқаптарына суды тұрақты әрі тиімді жеткізіп отырғанына көз жеткізді.
Керделі ауылдық округіндегі «Халық» шаруа қожалығының күріш алқабына барып, судан тапшылық көріп отырған танаптардың жағдайын бақылап, қолға алынған шаралардың нәтижесін бағамдады.