523815849 2093195824544199 1675242020071191454 nplaceholder

Сенат депутаттары жұмыс сапарымен Шиелі ауданына келді

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов жұмыс сапарымен Шиелі ауданына келді, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.

Сапар барысында халық қалаулыларымен бірге Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков, «AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов және аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев та бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.
 
 Сапар «Руханият» орталығы алдындағы заманауи субұрқақтан басталды.
Аудан орталығының келбетін ажарландырып тұрған бұл нысан – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елді мекендерді дамытуға бағытталған саясаттың нақты көрінісі. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков субұрқақтың облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан абаттандыру, көгалдандыру және көркейту жұмыстары аясында бой көтергенін жеткізді.
Абаттандыру жұмыстарын «Бақыт» жеке кәсіпкерлігі атқарып, тамшылатып суару жүйесімен жабдықталған көгал, жарық шамдары мен демалыс орындықтарын орнатқан.
Бұл нысан – тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруға бағытталған игі бастама.
 
 Келесі кезекте Сенат депутаттары Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде болды.
Халық қалаулылары колледждің өндірістік оқыту шеберханалары мен материалдық-техникалық базасымен танысып, оқытушылармен пікір алмасты. Колледж директоры Болат Сүлейменов оқу орнының көпсалалы бағытта 18 мамандық пен 28 біліктілік бойынша кадр даярлап жатқанын айтып, алдағы жоспарлармен бөлісті.
2024–2025 оқу жылында 275 студент курстан курсқа өтті. Бүгінде 61 педагог білім алушыларға сапалы білім беруде.
Кездесу барысында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту, оқу бағдарламаларын өндіріс талаптарына сәйкестендіру, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мәселелері талқыланды.
 
 Сапар соңында «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясының күрделі жөндеу жұмыстары пысықталды.
1970 жылы салынған нысан қазіргі таңда 8 351 тұрғынға қызмет көрсетіп келеді. Алайда ғимараттың инженерлік желілері мен құрылымдары тозуына байланысты, күрделі жөндеу қажеттілігі туындаған.
Қазіргі таңда 255,8 млн теңге көлемінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер – «Жабдықтау» ЖШС. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл – «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясындағы ауқымды істердің бірі.
Аталған жоба медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.
 
Бұл жұмыс сапары – Шиелі ауданында мемлекет саясатының нақты іске асып, тұрғындардың өмір сүру сапасының артып келе жатқанын көрсетеді. Әлеуметтік саланы қолдауға арналған жобалар бұдан әрі де өз жалғасын табатын болады.

Бөлісу:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

тринадцать + двенадцать =

АЙДАРЛАР

Басқа да мақалалар