Бүгін Шиелі ауданында көлік салығын уақытылы төлеу жайлы және заңсыз такси қызметін көрсетіп жүрген азаматтарға қатысты түсіндіру және зерделеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Бұл жұмыстар «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 37-бабы 3-тармағына сәйкес құрылған арнайы жұмысшы топтың қатысуымен өткізілуде.
Жұмысшы топ құрамында аудан әкімдігі, аудандық полиция бөлімі және мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері бар. Түсіндіру жұмыстары барысында такси қызметін атқарып жүрген азаматтарға көлік салығын уақытылы төлеу, қордаланған көлік салығын заңға сәйкес шешу жолдары, кәсіпкерлік қызметті бастағаннан кейін оны заңды түрде рәсімдеу қажеттігі және қауіпсіздік шаралары туралы кеңінен ақпарат берілуде.
Сондай ақ, мониторинг жұмыстары барысында бірқатар азаматтарға ескерту беріліп, такси қызметін заңдастыру қажеттігі ескертілді. Аталған жұмыстар — тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру, әділетті салық жүйесін қалыптастыру және ең бастысы, аудан тұрғындарының қауіпсіз тасымалын қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған маңызды шара.