Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков бірқатар нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты, деп хабарлайды «Азаттық-Ньюс» Ақпараттық агенттігі.
Ең алдымен Руханият орталығының алдына барып, жаңадан орнатылған заманауи субұрқақ пен абаттандырылған аллеяны аралады. Жаңартылған демалыс аймағы аудан келбетіне көрік беріп қана қоймай, тұрғындардың жайлы серуендеуіне қолайлы жағдай жасайды. Аудан әкімі субұрқақтың техникалық шешімі мен аллеядағы көгалдандыру, жарықтандыру және жүргінші жолдарының сапасына оң бағасын берді. Сонымен бірге, бұл маңда бір ғимаратта орналасқан сәулет және құрылыс, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің тұрғындарға қызмет көрсету тиімділігін арттыратынын атап өтті.
Келесі кезекте Айтбай Насриддинұлы Ыбырай Жахаев саябағындағы абаттандыру мен санитарлық тазалық жұмыстарының жай-күйін қарап шықты. Саябақ ішіндегі жасыл желектерді баптау, қоқыстарды тазалау жұмыстарының сапалы әрі жүйелі орындалуы бойынша тиісті тапсырмалар берілді.
Сапар соңында аудан әкімі Керделі ауылдық округінде орналасқан «Қарлығаш» мемлекеттік балабақшасына барды. Мұндағы бұрынғы ескі әрі қауіпті қоршаулар жаңартылып, орнына заманауи, қауіпсіз әрі көрікті қоршаулар орнатылған. Бұл – балалардың қауіпсіздігін арттырып, мекеме келбетінің жаңаруына үлкен үлес қосты.