Бүгін аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиын барысында аудан көлеміндегі өзекті мәселелер талқыланып, жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Аппараттық мәжілісте төрт негізгі мәселе қаралды:
1.Салық базасын кеңейту және көлік құралдарына қатысты берешек туралы
Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Еркеғали Абдрахманов салық түсімін арттыру және көлік құралдары бойынша қалыптасқан қарызды азайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.
Ол өз сөзінде көлік салығы бойынша берешекке ие азаматтармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын, сонымен қатар берешек көлемін қысқарту мақсатында рейдтер ұйымдастырылып, хабарламалар таратылып жатқанын жеткізді.
Салық базасын кеңейту бағытында тиісті мәліметтер зерделеніп, салық салу объектілері бойынша нақтылау жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
2.Аудандағы мемлекеттік мекемелердің теңгеріміндегі бос тұрған ғимараттар жайы
Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жұмаділ Маратжан аппараттық мәжіліс барысында аудан аумағындағы мемлекеттік мекемелер балансына тиесілі, бүгінде бос тұрған ғимараттардың жай-күйі туралы баяндады.
Қолданыссыз тұрған нысандарды тиімді пайдалану, оларды жеке меншікке беру немесе әлеуметтік мақсатта іске қосу бағытындағы жұмыстардың маңыздылығы айтылды. Сондай-ақ ғимараттарды заң аясында кәдеге жарату үшін зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатқанына тоқталды.
3.Заңсыз құрылыс нысандарын анықтау және салынған айыппұлдар туралы
Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Сейтханов Қуаныш аппараттық мәжілісте аудан аумағындағы заңсыз салынған құрылыс нысандарына қатысты атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Құзырлы орган тарапынан жүргізілген мониторинг нәтижесінде бірқатар нысандардың рұқсатсыз салынғаны анықталған. Оларға қатысты заң шеңберінде тиісті шаралар қабылданып, айыппұлдар салынғаны мәлімделді.
Бөлім басшысы алдағы уақытта мұндай құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін түсіндірме жұмыстары мен тұрақты бақылау жалғасатынын жеткізді.
4.2025 жылдың ІІ-жартыжылдығына арналған баспасөзге жазылу барысы
Аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Есенбаев Кенжехан аппараттық мәжілісте 2025 жылдың ІІ-жартыжылдығына арналған мерзімді баспасөзге жазылу науқанының барысын баяндады.
Бөлім басшысы тұрғындар мен мекемелер арасында жазылымды жандандыру, отандық басылымдарға қолдау білдіру және мемлекеттік ақпараттық саясатты ілгерілету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Сонымен қатар, ауданға қарасты мекемелер мен ұйымдарға нақты тапсырмалар жүктеліп, жазылым көрсеткішін арттыру қажеттігі атап өтілді.
Мәжіліс соңында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікір білдіріп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.