Балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық «Ұлан» газетінің 95 жылдығына және көрнекті ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының авторы Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 90 жыл толуына орай «Геральдикалық зерттеулер орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесімен бірлесе «Туған жерім менің, Қазақстаным» атты республикалық әңгімелер байқауы жарияланды.
Байқаудың мақсаты – балаларды отансүйгіштікке, патриоттыққа баулу, ел тарихына ізденісін арттыру, Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылығы (поэзия, проза) мен «Ұлан» газетін насихаттау, талантты оқушылардың шығармашылығының дамуына ықпал ету.
Байқауға 5-11 (12) сынып оқушылары қатыса алады. Бір оқушы бір (1) әңгіме жолдауы тиіс. Әңгіменің көркемдігі, тіл тазалығы, оқиғаның тартымды, тақырыпқа қатысты болуы бағаланады. Көшіріліп басылған, ЖИ (жасанды интеллект) көмегімен жазылған шығармалар байқаудан шеттетіледі. Әңгіме көлемі 5 беттен аспауы тиіс.
Жүлде қоры:
1-орын – 70 кітап (бір жүлде)
2-орын – 50 кітап (бір жүлде)
3-орын – 30 кітап (бір жүлде)
5 ынталандыру иегеріне әрқайсына 10 кітаптан сыйға беріледі. Кітап қорына қазақ және әлем әдебиетінің үздік туындылары кіреді. Шығармалардың сапасына орай қосымша жүлделер қарастырылады.
Бәйгеге қатысушылар шығармашылық жұмысына толық аты-жөнін, телефон нөмірін, мекен жайын және өздері туралы қысқаша мәлімет қосып, zhumekenbaiqau@gmail.com электронды поштасына жолдауы қажет. Шығармалар 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін қабылданады. Байқау қорытындысы 2025 жылдың қараша айында шығады.