Геральдикалық зерттеулер орталығы мамандары Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM SCHOOL мектеп-гимназиясында кездесу өткізді, деп хабарлайды “Азаттық-Ньюс” Ақпараттық агенттігі.
«Менің туым – менің Отаным» патриоттық акциясы аясында өткізілген жиында геральдикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Асылжан Бижанов сөз сөйлеп, орталықтың қызметі туралы айтты. Сондай-ақ, мемлекеттік рәміздердің шығу тарихы мен авторлары жайында баяндады.
Өз кезегінде ведомстволық және өзге де наградаларды сараптау бөлімінің бас маманы Сұлтан Оразаев рәміздерді пайдалану тәртібі және оларға қатысты жауапкершілік түрлерін қатысушыларға жеткізді.
Сонымен қатар, іс-шара барысында оқушыларға «Қазақ геральдикасы: көне дәуір және бүгін» атты суреттер көрмесі де ұсынылды.
Ақпараттық-танымдық семинар соңында квиз интелектуалдық ойыны ойнатылып, белсенділік танытқан оқушыларға естелік сыйлықтар табысталды.