Қазалы аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы тұрғынның әлеуметтік желіде жазған пікірі үшін қоқан-лоқы көрсеткен, деп хабарлайды “Азаттық-Ньюс” Ақпараттық агенттігі.
Қазалы ауданының тұрғыны Динара Дастенова аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ақтілеу Бөрқұлақов өзіне қоқан-лоқы көрсетіп, балағаттағанын айтты.
«20 қаңтар күні маған телефон соғып, «мойыныңды жұлып аламын», «көріңнен қазып аламын», «ізіңнен қалмаймын» деген сөздер айтты. Мен оның әкесі туралы постқа пікір жазғанмын. Бірақ оның әкесіне қатысты ештеңе жазған жоқпын. Өзі аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы. Ал, әкесі аудандық қоғамдық кеңес төрағасы», – дейді ол.
Динара Дастенова шенеуніктің бұл әрекетіне полицияға арыз берген.
«Екі рет сот процесі өтті. Ол өз ісін дұрыс деп отыр. Кешірім сұраған да жоқ», – дейді ол.
Айтуынша, Ақтілеу Бөрқұлақов сотта «Менің айтқаным бұл кісінің ар-намысын қорлайтын сөз емес» деп жауап берген. Бірақ қоңыраудың жазбасында бейәдеп, қоқан-лоқы сөздер айтылғаны анық естіледі.
«Сонда бұл ар-намысты қорлау емес пе? Өлтіремін деп ашық түрде қоқан-лоқы жасап тұр. Ол әрекеті үшін еш қысылып та тұрған жоқ», – дейді Динара Дастенова.