Заңсыз айналымнан 13 тоннаға жуық есірткі тәркіленді, деп хабарлайды “Азаттық-Ньюс” Ақпараттық агенттігі.
Жыл басынан бері Алматы облысының полицейлері есірткіге қатысты 104 құқықбұзушылықты анықтаған.
Бұл туралы облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ардақ Қайсаров мәлімдеді. Айтуынша, жыл басынан бері есірткіге қатысты 104 құқықбұзушылық анықталып, оның ішінде 58 қылмыс, яғни 27 дерек есірткі заттарын сату, 23 дерек аса ірі мөлшерде есірткі сақталуына қатысты болған.
Сондай-ақ есірткінің синтетикалық түрлерінің заңсыз айналымына байланысты 46 дерек анықталған.
“Жыл басынан бері облыс аумағында 10 зертхана жойылып, заңсыз айналымнан 13 тоннаға жуық есірткі тәркіленді. Бұдан бөлек, біздің қызметкерлер интернетте де жұмыс істейді. Жыл басынан бастап мониторинг нәтижесінде бұғаттау мақсатында есірткі заттарының жарнамасы бар 66 сілтеме “киберқадағалау” бағдарламасына енгізілді”, – деді ҚАЙСАРОВ.